Ақпараттық портал

Шежіреге толы жылнама

Санаулы күндерден кейін ондаған жылдар бойы ауданымыздың айнасы, жаңалықтың жаршысы, халық мүддесінің қорғаушысы болып келген аудандық «Шу өңірі» газеті торқалы тоқсан жасқа толмақ. «Ойлай да білген халыққа тойлай да білген лайық» демекші, газет ұжымы жергілікті биліктің қолдауымен осы мерейлі белесті барынша лайықты атап өтуге тырысуда. Осыған орай, тілшілер қауымы әдеттегідей қызметтік міндет сапында бой түзеп, аталмыш аудан айнасының қоғамдағы рөлін, мәні мен маңызын баяндайтын мазмұнды мақалалар жариялауды үдете түскендігінен көзі қарақты оқырман хабардар деп білеміз. Бұл жолғы мақала желісінде де жергіліктің газеттің және үнемі ізденіс үстінде жүретін тілшілер қауымының бүгінгі таңдағы аудан өмірінен алатын орны жайында баяндамақпыз.

Жыл өткен сайын ақпараттық технология қарыштап дамып жатқаны баршаға аян. Бүгінгі таңда сан түрлі жаңалықтарды кез келген адам өз қолдарындағы ұялы телефон арқылы біліп, тіпті баспа басылымдарының да электронды нұсқаларын осы телефоннан көріп, ондағы барлық ақпаратпен таныса алады. Бұл әсіресе, жастар қауымына ыңғайлы әрі қолжетімді. Дегенмен, ақпарат құралдарына жаны жақын, жылт еткен жаңалықты газеттен күтетін ата-апаларымыз яғни, аға буын өкілдері барда газеттің рөлі төмендемейтіні белгілі. Бұл тұста аудандық «Шу өңірі» газеті де бірнеше жылдан бері сол қарапайым халықтың сырласы мен мұңдасына айналып, көптеген күрмеуі қиын мәселелердің оңды шешімін табуына ықпал етіп келе жатқандығын атап өткен жөн. Оған редакциямызға түрлі мәселелермен келіп, ол туралы газет бетіне жариялануын өтініп, көмек сұрап жататындар айқын дәлел. Ал, тілшілер қауымы редакция табалдырығын аттаған әр азаматтың өтінішіне құлақ түріп, қолдан келгенше қолдау көрсетіп, көкейіндегі шерін тиісті орган өкілдеріне газет арқылы жеткізуге барынша күш салады. Газеттің халық пен билік арасындағы алтын көпір атануы да сол себептен болса керек.
Газеттің жарыққа шығуына дейінгі жұмыстар өз алдына бір бөлек әңгіме. Яғни, әр тілшінің жазған материалдарының бірнеше рет өңделіп, қажет болса толықтырылып немесе қысқартылып дайындалуы, аудан тұрғындарынан келген хаттардағы негізгі ойды сақтай отырып, оны газетке лайықты өңдеу, жергілікті өлең сүйер қауымнан хат болып келген әр өлеңнің мағынасын жоғалтпай, ұйқасын келтіру, қажет болса орыс тіліндегі мақалаларды қазақ тіліне, қазақ тіліндегі мақалаларды орыс тіліне аудару, одан бөлек ақылы қызмет аясындағы түрлі хабарландырулар мен құттықтау, еске алу сынды материалдардың мәтінін түзеу, ең бастысы грамматикалық қателікке жол бермеу осындағы тілшілер қауымының негізгі жұмысы.
Түрлі мерекелік шаралардың ортасынан табылуынан бөлек, жұмыс бабымен егістік басында, малды ауылда, зауыттар мен түрлі кәсіпкерлік нысандарында, өзге де сан түрлі ортадан табылып жататын тілшілердің тірлігі бір қарағанда жеңіл болып көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік барын тек осы салада қызмет етіп жүргендер ғана сезіне алса керек. Өйткені, газет халыққа таратылатын болғандықтан, журналист өзінің жазған әр сөзіне жауапты. Сол себептен қырағылық пен тиянақтылық олардың басты ұстанымы болып қала бермек.
Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза да «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп бекер айтпаса керек. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге, жеке адамның тағдырына, қоршаған ортаға қатысты сын мақалалар үлкен ізденісті қажет етеді. Осындай сын мақалаларды жазу мен іздену барысында әр журналистің көкейінде көтерілген тақырып билік тарапынан қолдау тауып, мүдделі тарап үшін оң шешімін тапса екен деген тілек тұратыны да жасырын емес. Яғни, әр журналистің санасында қоғамға титтей де болса пайдам тисе екен деген ұстаным бар.
Бүгінде алғашқы еңбек жолын осы аудандық газеттен бастап, үлкен қалаларда ақпарат саласында еңбек етіп жүрген жандар да жоқ емес. Олар аудандық газеттен шыңдалып, тәжірибе жинақтап, білім-біліктілігін арттырып барып жоғарылады. Бұл аудандық газеттің кәсіби мектептен кем еместігін аңғартады. Өйткені, аудандық газет мұндағы тілшілердің өмірдің барлық саласындағы сан түрлі тақырыпта қалам тербеп, әмбебап журналист болып шығуына даңғыл жол салатын жалғыз орта. Ал, дәл бүгінгі таңда жалғыз жергілікті газеттің туын жықпай, газет бетінде толғауы тоқсан тіршілікке қатысты әлеуметтік мәселелерді көтеріп, өңірдегі жағымды жаңалықтар мен тың өзгерістерді дер кезінде оқырманның назарына жеткізіп, аудан өміріндегі жарқын оқиғаларды тұрғындармен бөлісіп, газет – қоғамның айнасы екендігін одан әрі айшықтап, билікпен біте қайнасып, тынымсыз тірлік кешіп жүрген тілшілер қауымымен бірге аудандық газеттің алар асуы әлі де алда деп білеміз.
Кәсіби шыңдалған журналистер мен осы іске ден қойған жалынды жастар барда газеттің мазмұны әрдайым жоғары деңгейден көрініп, халық пен билікті байланыстырушы алтын көпір болып қала бермек. Торқалы тоқсанның белесіне шыққан «Шу өңірі» тұрақты оқырмандарының қолдауымен әлі талай биік белестерді бағындырып, ғасыр тойы тойланатынына сенім мол.
Динара Батырхаирова,
редактордың орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.