Кәсіби тұлғамды қалыптастырған орта
Уақыт – ұлы таразы. Сол таразының өлшемімен алғанда 90 жыл – аз мерзім емес. Талай ұрпақ алмасқан, дәуірлер ауысқан, заман мен заң өзгерген осынау уақыт ішінде «Шу өңірі» газеті өз жолынан жаңылмай, халықтың жоғын жоқтап, барын бағамдап, руханият шамшырағына айналды. Биыл тарихы тереңнен тамыр тартқан, шежірелі басылым – «Шу өңірі» газетіне 90 жыл толып отыр. Бұл тек уақыт межесі ғана емес, өңір руханиятының өрісті жолы, халық пен баспасөз арасындағы алтын көпірдің берік тұғыры. Шу ауданының тыныс-тіршілігін кеңінен танытып, ел ішіндегі игілікті істерді, елеулі тұлғаларды, халықтың көкейіндегі ойды шынайы жеткізіп келе жатқан бұл басылым – қазақ баспасөзіндегі өзіндік орны бар ақпарат құралы.
«Шу өңірі» – мен үшін жай ғана газет емес, жүрек төрінен орын алған басылым. Өйткені осы газет жарық көретін редакцияның қара шаңырағында жауапты хатшы қызметін атқардым. 2014 жылдың көктемі. Қолымда университеттен енді ғана алған диплом, жүрегімде жалындаған үміт пен асқақ сенім. Ресми құжатымды құшақтап ауданымыздың бас басылымы – «Шу өңірі» газетінің редакциясына келдім.
Баспа үйінің табалдырығын алғаш аттаған сәт, жүрек дүрсілі, әр қадамым есімде. Қарапайым ғана кеңсе, бірақ ішіне кірген сәттен рухы бөлек, тынысы терең әлемге енгендей күй кештім. Басылымның ұйымшыл ұжымы мені құшақ жая қарсы алды. Жаңа ортаның жатсынбай, жылы қабылдауы қобалжыған көңілімді көкке көтерді. Бұл жер маған жай ғана жұмыс орны емес, шығармашылық пен ізденістің, махаббат пен мейірімнің мекеніндей көрінді. Сол алғашқы күндерден-ақ маған сенім артып, кәсіби жолдың қыр-сырына баулыған жан – ұстазым, редактор, ақын әрі журналист Ахметжан Қосақов еді. Ол кісінің әрбір сөзі – шындыққа суарылған шеберлік, әрбір ескертпесі – рухани тәлім, ал әрбір жазған мақаласы – өнегеге толы өмір кітабы іспетті болатын. Ахметжан аға маған тек редактор емес, ұстаз ретінде де бағыт беріп, қалам ұстаудың ғана емес, адам болудың да биігін көрсетті.
Осылайша, қалам менің серігіме, ал «Шу өңірі» редакциясы екінші үйіме айналды. Қос тілде шығатын басылымның мазмұнына, көркемдігіне жауап беру – үлкен жауапкершілік. Әр сөйлемді бірнеше рет оқып, әр әріпті түзеп, газет жарық көргенше редакцияда жүру біздің күнделікті тіршілігімізге айналды.
Редакциядағы тіршілік ерекше бір әлем еді. Бірде ауыл-ауылдарды аралап, қалың елдің тыныс-тіршілігін қағазға түсірсең, енді бірде кеңседе түннің бір уағына дейін газет беттерін пысықтап отырасың. Бірақ шаршау деген бұл ортаға жат ұғым. Өйткені бұл – жүрек қалауы, шығармашылық пен жауапкершілік қатар өрілетін рухани жол. «Шу өңірі» редакциясы – менің кәсіби тұлғамды қалыптастырған, жүрегіме алғаш қаламның қадірін ұялатқан қасиетті орда. Бұл мекеме маған журналист болудың ғана емес, шыншыл болудың, адал болудың, елге қызмет етудің жарқын жолын көрсетті. Шежірелі басылымда еңбек еткен жылдарым өмірімнің бір жарқын кезеңі ретінде мәңгі есте қалады.
«Шу өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойы – тек бір ұжымның емес, күллі өңір жұртшылығының ортақ қуанышы. Газеттің әр парағы – тарих, әр беті – тағылым. Бүгінде «Шу өңірі» газеті – өткеннің шежіресі ғана емес, қазіргі күннің де жаршысы ретінде уақытпен үндесіп, жаңа форматта жаңғыра білген басылым. Тарихы терең, болашағы жарқын газет ұжымын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Газеттің шығармашылық ұжымына табыс тілеймін. Жүз жылдық асуына нық қадам басып келе жатқан басылымның беделі биіктей берсін!
Жансая Шыңғысханқызы,
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қызметкері.