Тағлымды тарих айнасы
Туған жердің түтіні түзу шықса, татулығының тігісі сетінемесе, азаматының аты алға озса, қуанбайтын жан жоқ шығар, сірә?! Жырақта жүрсем де ата жұртымда жақсы жаңалықтар орын алса жұдырықтай ғана жүрегім кеудеме сыймай, тулап тұрады. Қасиетті Шу өңірінің ат төбеліндей ғана Ақтөбе деген ауылында дүниеге келіп, қияға қанат сермеген қарлығашы едім. Көмбелі тарихы бар Шу ауданының құрылғанына 95 жыл, аудандық «Шу өңірі» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына 90 жыл толып отырған айтулы сәтте тебіренбесек, туған жерге деген құрметіміз қайсы?!
Ең алғаш “Социалды еңбек” деген атаумен жарыққа шыққан “Шу өңірі” мен үшін саф алтыннан да қымбат. Олай дейтінім, әкем Асанғазының азғантай ғана ғұмырында бейнесі қалған бір түйір ғана суреті сол газетке басылып шыққан екен. Одан бөлек, сол бір сурет аудандық “Құрмет” тақтасына ілінген. Өзімнің жерлесім Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, менің әкем шаруаны шалқытып, төскейде төл өргізіп, 100 бас саулықтан 130 қозы алған озат шопан. Кейіннен Рысбала әжем «баламның өмірі келте қиылды ғой, тірі тұрғанында “Социалистік Еңбек Ері” атанатын еді» деп еске алып отыратын. Мен нағыз еңбек адамы – Асанғазының қызы болғанымды мақтан тұтамын. Шу өңірі газетінің маған өте ыстық болуының бірден-бір себебі де осы еді.
Мектеп қабырғасында оқып жүрген сәттерімде тәрбиелік бағыттағы мән-мазмұны бөлек іс-шаралар өткізіліп, біздер оған белсене қатысып, онымыз “Шу өңірі” газетіне тұрақты түрде жарияланып тұратын. Мектеп бітіретін жылы, яғни 1969 жылы директорымыз Садықов Тұрсынбек ағай бастап, сол тұстағы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзағира апайымыздың ұйымдастыруымен “Кім боламын?” атты диспут өтті. Сол диспутта сөйлеген 5-6 оқушының қатарында мен болатынмын. Дана Абайдың “Сен де бір кірпіш дүниеге” деген өлеңін оқып, “Мен бүгін ұстаздың шәкірті болсам, ертең шәкірттің ұстазы боламын” деген сөзімді айтқан едім. Осы бір сәт «Шу өңірі» газетінің 1969 жылғы мамыр айындағы бір санына жарыққа шықты. Сол әсерлі сәтті тарих бетіне қалдырған «Шу өңірі» газетінің сол саны беріге дейін қолымда болған еді, қазір көз жазып қалдым. Өткеннің өткелдерін ойға алғанда осындай ерекше сәттер есіме түсіп, жаным жадырап сала береді.
Тағы бір тарихи сәт, 1993 жылы Өмірбек Байгелдінің ұйытқы болуымен Төле би бабамыздың ескерткішінің ашылу салтанатына оңтүстік өңірдің делегациясын бастап келген Марс Үркімбаев ағамызбен арнайы келіп, сол кісінің айтуымен сөз сөйлеген сәтім. Сол тұста Жамбыл облысының әкімі Өмірбек ағамыз “қазақта қыз туса, Оразкүлдей қыз тусын” деп менің мәртебемді асырып, туған жеріме танытқан еді. Бұл да Шу ауданы тарихының бір парағы.
Қай жерде жүрсем де, “Шу ауданының қызымын” деп қасқая айтып, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Мен үшін Шу өңірінің тыныс-тіршілігін қаз-қалпында қаттап жүрген аудандық газеттің маңызы зор. Ғасыр айнасы, дәуір тынысы, тарихтың бір арнасы бола білген “Шу өңірі” газетінің даңқы ғасырлардан ғасырларға жалғаса берсін! Мәні терең, мазмұны бөлек мақалалары мен ойлы, қырағы оқырмандары көп болсын!
Торқалы тойың құтты болсын, тағылымы мол «Шу өңірім»!
Оразкүл Асанғазықызы,
Қоғам қайраткері,
“Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері,
тіл жанашыры.