Шарапаты мол жаңалық жаршысы
Әйгілі сал-серілер, жауырыны жерге тимеген балуандар, арқалы ақындар, әуенімен әлдилеген әншілер, аспаптың құлағында ойнаған күйшілер, таяғынан қой өрген шопандар, қамба қойнауын астыққа толтырған дихандардың талайына тал бесік болған қасиетті Шу өңірінің тарихы тым тереңде жатқандығын тегіс жұрт жақсы біледі. Биыл, міне Шу өңірінің өз алдына отау тіктегеніне 95 жыл толып отырса, осы қасиетті өлкенің шежірелі жылнамасын жасаған “Шу өңірі” газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр.
«Сары изен, қоңыр жусан, көк күйреуік, бәрі бар төрт түлікке не керектің» – деп Бармақ ақын жырлағандай, жер жәннаты болған шуақты өлкеде шарапатты істерге жол салған небір айтулы тұлғалардың атын тарихқа басқан «Шу өңірі» газетінің ең алғаш “Социалды еңбек” болып шығуы тегін емес. Шаруасы шалқыған бұл атырапта жан біткеннің барлығы еңбек арқылы еңсе тіктеп, оларды әнші-жыршылар шығармасына арқау етіп, сол дәріптеулер сарғайған газет беттерінен орын тапқанын жақсы білеміз.
Қойнауы талай сырды бүккен туған жерім – берекелі Бірлікүстемнің даласын дүбірге бөлеген еңбеккерлер де кеудесіне “Социалистік Еңбек Ері” төсбелгісін жарқырата таққаны осы «Шу өңірі» газетінің сарғайған беттерінде сайрап тұр. Шаруасы шалқыған ауылымыздың «Жеті батыр ауылы» атануына себепші болған 5 атамыз бен 2 апамыздың қолынан дәм татып, батасын алғанымыз да бір өнеге. Бәрінен де құндысы, аңызға айналып үлгерген менің досым, фототілші Петр Норкиннің сол Социалистік Еңбек Ерлерін түсіріп алған кадрлары да архивінде сақтаулы.
Менің де әкем мен анам ағартушылық салада тер төккен майталмандар, әкем-тарихшы, анам бастауыш сынып мұғалімі. Әлі есімде, сонау бала күнімде «Шу өңірі» газетін жата-жастана оқитынбыз. Тіпті, өзімнің осы газетте Рахметілдә Құдабаев есімді атпал азамат бас редакторлық қызметті атқарған тұста штаттан тыс тілшісі болғанымды мақтан тұтамын. Оның үстіне сол тұста ішкі істер бөлімінде қызмет істеген Егемберді Жанбатыров деген азамат бізді үнемі газеттің шыққан күніне орай баспа үйіне шақыратын, мұның өзі де бір мәртебе болатын.
Тоқсаныншы жылдардан бері қарайғы газет тарихын түгендеу, оған еңбек сіңірген жандарды түгел айтып шығу мүмкін емес. Менің есімде қалғандары, жоғарыда атап өткендерден бөлек Жұмабай Райымқұлов, Әукен Жайлаубаев, Ахметжан Қосақов, Кифаят Әскерова, Ләззат Тастановалардың еңбектері ерен. Әрине, бүкіл саналы ғұмырын баспасөзге арнаған редакциядан зейнеткерлікке шыққан қаламгерлер мен қызметкерлер де аз емес. Міне, соның барлығының есімін ескеріп, ұрпақтар санасында жаңғыртып отырсақ, адамдығымыз сол болмақ.
Қазіргі таңда да газеттің мазмұнына, көркемдік құрылымына, әсем безендірілуіне үлесін қосып жүрген жас тілшілеріміздің де ізденісін арттыруға жасаған қадамдарын құптарлық деп білемін. Бүгінгі күні газет сол ішкі мазмұнын сақтай отыра, түр-сипатын өзгертіп, түрлі-түсті форматта шығып жатқаны қуантады әрине.
Сөз соңында барша жерлестерімді, редакция ұжымын төл басылым – «Шу өңірі» газетінің торқалы 90 жылдық тойымен құттықтай отырып, шығармашыл жандардың игі істерге, тың бастамаларға, толағай табыстарға, шынайы шығармашылық жетістіктерге жетулеріне тілегімді қосып, әрқашанда жақсы жаңалықтарын көппен бөлісуге асығатын аудан жаршысы бола берсін дегім келеді!
Гүлжаһан Кәрібайқызы,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Ұлағат отауы» ҚБ-нің төрағасы,
ҚР ағарту ісінің үздігі,
ардагер ұстаз.