Жер халықтың игілігі үшін жұмыс жасауы тиіс
… Жер атадан қалған мұра емес,
Біз оны келер ұрпақтан
қарызға алғанбыз …
(Сұлтан Бейбарыс)
Десті Қыпшақ даласынан Мысыр еліне құл ретінде сатылып, осы елдің билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген Ұлы бабамыздан қалған осы сөздер Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының жадында болуы тиіс.
Өйткені, қоғамда жүргізілген реформалар барысында бұрынғы ұжымшар мен кеңшарлардың пайдалануында болған егістіктер мен жайылымдар, шабындықтар мен көп жылдық екпелер (баулар мен жүзімдіктер) бөлініске түсіп, жекеменшікке немесе ұзақ мерзімге жалға берілгенімен, мыңдаған гектар тусырап жатқан жер телімдерінің қараусыз қалып, арам шөп немесе бұта басып кеткендіктен, айналымнан шығып қалғаны жасырын емес.
Облыс аграрлы-индустриялды аймақ болып табылады. Қолда бар жер қорының 72 пайызын егін және мал шаруашылықтарын дамытуға қолайлы. Бұл аграрлық саланы дамыту мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетеді.
Рас, соңғы жылдары осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда назар аударылып, мән беріле бастады. Бұл туралы Мемлекет басшысының игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі нақты тапсырмалары бар.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабына сәйкес Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жер учаскелерiн оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндетті.
Жерді игермеу фактісі орын алған жағдайда бақылаушы органмен жерді пайдаланбаған тұлғаға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 338-бабымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау фактісіне ескерту жасау немесе жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Жер және Салық кодекстерінің талаптарына сәйкес мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша базалық салық мөлшерлемелері меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға, сондай-ақ, объектілерді салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша жасалған уақытша өтеулi жер пайдалану шарттары негізінде есептелген төлемақы сомасы он және жиырма есеге ұлғайтылатындығы белгіленген.
Мысалы, салық органының мәліметіне сәйкес Меркі ауданының тұрғыны Н есімді азаматқа шаруа қожалығын жүргізу мақсатында берілген 225,12 гектар жер учаскесіне жылдық салық мөлшері 2280 теңге болып белгіленген. Алайда аталған азамат жерін мақсатына сай пайдаланбағаны үшін салығы 20 есеге көтеріліп, 55 674 теңге төлеуде. Сондай-ақ, Тараз қаласында Д есімді азамат сауда-тұрмыстық және сауықтыру кешенінің көлемі 0,054 гектар болатын жер учаскесі үшін 4950 теңге жер салығын төлеп келсе, жерді игермегені үшін салығы 10 есеге ұлғайтылып, 49 518 теңге төлеуде.
Бұдан бөлек, бақылаушы органның нұсқамасы орындалмаған жағдайда, яғни жер пайдаланушы ескеріліп, жерін пайдаланбаса Кодекстің 462 бабының 3 тармағына сәйкес мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Әрі қарай, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 92-94-баптарының нормаларында көзделген пайдаланусыз жатқан жерді мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бақылаушы органмен сот органына жолданады.
Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес, конкурс арқылы пайдалануға ниет білдірген азаматтарға және ауыл шаруашылық ұжымдарына берілетін болады. Жер нақты істеймін деген пайдаланушылардың қолында болуы тиіс.
Бұл бір ғана мысал. Осы орайда барлық ауыл шаруашылығы немесе кәсіпкерлік мақсатындағы жекеменшік жер иелері мен жер пайдаланушылардың назарына жерді мақсатына сай пайдалану қажеттігін, олай болмаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтаруға тура келетінін ескерткіміз келеді.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, бұл заң талаптары жерді тиімді пайдалануға үндейді.
Д.Өтепов,
Жамбыл облысы әкімдігі
жер қатынастары басқармасының басшысы.