Жуаның өзі ащы болғанымен…
Ата кәсіпті ардақтаумен қатар ауданымыздың агроөнеркәсіп саласында да атағы алысқа ұзаған. Өнімді еңбек етіп, өз ырыздығын тауып жүрген жерлестеріміз жуа егуде алдына жан салмай келеді. Оның үстіне су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалануға көшкен диқандар күзгі тұрым мол табысқа кенеліп жүр. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өнімділікті екі есеге арттыру міндетін жүзеге асыруға сәйкес екенін атап өткен жөн.
Тамшылату жүйесімен алқапты суару – тиімді тәсіл екендігі сөзсіз. Облыс аумағында ирригация жүйесін қалпына келтіру мақсатында ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Оны жуырда ғана егіс даласындағы еңбеккерлермен жүздескенде анық аңғардық.
Біз көргендей, ірі шаруа қожалықтарында инновациялық технологиялардың қолданылуы, сол арқылы табиғи ресурстардың ұқыпты пайдаланылуы көзді қуантады. Сондай-ақ отандық нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік алып, ал артығын экспорттап жүрген шаруалар жетерлік.
Шу ауданындағы шаруа қожалықтары да осы әдіс арқылы суды үнемдеп, өнім көлемін екі есеге ұлғайтудың көзін тапқан. Бүгінде көкөністерін Қазақстанның барлық қалалары мен Ресей елдеріне экспорттап отыр.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құттыбековтың айтуынша, асыраушы салада пияз өсіру өз деңгейінде жүзеге асып келеді.
«Біз пияз өнімдерін беткейлетіп суаратын болсақ гектарынан 40–50 центнер ғана өнім аламыз. Ал, тамшылатып суару әдісі арқылы бүгінде өнімділік екі есеге дейін артып отыр. Биыл пияз өнімінің 8 500 гектарын игерген болсақ, 15 000 гектарға тамшылатып суару әдісін қолданып отырмыз»-дейді Қайсар Қонысбайұлы.
Сонымен қатар 2025 жылы 87 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, көкөніс өнімдері 11 мың га жерге егілгені белгілі болды. Әрі ауданда көкөніс қоймалары да жеткілікті көрінеді.
«Осылайша егістік алқапқа түгелдей тамшылатып суару әдісін енгізген қожалық жергілікті азаматтарды да тұрақты маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Ал, жиын-терін науқанында ауыл тұрғындары осында еңбек етіп, қосымша нәпақасын табады. Бұл қос тарапқа да таптырмас мүмкіндік.
Қазіргі таңда Шу өңірінде толайым тірліктер атқарылып жатқанына куәміз. Күзгі жиын-терінде мол өнім алу жоспарланып отыр. Пияз егіп, пайдаға шығып жүрген шаруа Мухаммед Гашиевичтің айтуынша, жиын-терін жұмыстары бір айдан кейін басталмақ. Бүгінгі беталыс жаман емес. Оның сөзінше, тамыз айында басталған жұмыстар қыркүйектің соңында аяқталмақ. Ал, түскен түсімнен әр жылы ауданда көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларына тегін тарату дәстүрге айналған.
-Бұл өңірдің топырағы құнарлы. Осы ауылдың тұрғындарымен 3 жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Біз жыл сайын 80-нен бастап 120 адамға дейін маусымдық жұмысқа тартамыз. Әрбірі күніне 10 мың теңге табыс табады. Өз жұмысымызда тамшылатып суару тәжірибесін қолданамыз. Ол үшін жеке құдық қаздырып отырмыз. Силитраны субсидияға алып, лизинг арқылы техникаға қол жеткізіп отырмыз. Былтыр әр гектардан 80 тонна алған болатынбыз. Бұл қарқынды биыл да сақтаймыз деген ойдамыз»-дейді диқан.
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІ-ші курс студенті.
Сурет автордікі.