Ақпараттық портал

Кәмелетке толмағандар қылмысқа неге үйір?

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық құқықбұзушылық бұл қоғам үшін өзекті және күрделі мәселе. Соңғы уақыттары ауданымызда жасөспірімдер арасында орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар кімді болса да бей-жай қалдырмағаны анық. Дәлірек айтқанда, Көкқайнар ауылындағы жасөспірім балаға қатысты қылмыстық оқиға аудан билігі, жауапты қызметкерлер, мектеп, ата-ана үшін оңай соқпай тұр.

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалық етуімен, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жедел кеңес отырысы өтіп, оған құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары қатысты. Ашықтық негізде өткізілген кеңесте жасөспірімдер арасында орын алып отырған соңғы оқиғаларға байланысты кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізіліп жүрген іс-шаралар бойынша тиімді шешімдер қабылдау қарастырылды.
Жиынды ашқан аудан басшысы алдымен Қайыржан Еркінбекұлына сөз берді.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алудың жолы – мектеп басшылығы мен оқушыларды ашықтыққа үйретуде. Осы мәселе жолға қойылса біз қиын балаларды анықтап, олардың тәртібі бойынша жұмыс жасай аламыз. Ашықтық бойынша мысал келтірсек, біз жақында мектептердегі жоғары сынып оқушыларымен анонимді сауалнама жүргіздік. Осыдан байқағанымыз, жасөспірімдер сұрақтың мәнін оқымай жатып, екі–үш минут ішінде «жоқ» деген жауаптарды ғана белгілеп шыққан. Демек, оқушылар ашық айтуға қорқады. Құрметті мектеп басшылары, біз жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарды күшейтуіміз қажет, – деді өз сөзінде аудан прокуроры.
Осыдан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.К.Сұлтанбаев ата-аналар комитетін қайта саралаудың, ауыл ақсақалдары мен жастар арасында тәрбиелік мәндегі кездесулерді жиі ұйымдастырудың маңыздылығын айтып өтті.
Мінберге шыққан АПБ жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция капитаны Д.Е.Бекбаулов аудандағы барлық мектепке ювеналды полиция тобы жеткіліксіз болғандықтан ауыл әкімдері мен мектеп басшылығына баланың мектептен тыс уақытын, түнгі уақытта көшеде жүрмеуін жіті қадағалауға атсалысуға шақырды.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.С.Жазықбаев қиын балаларды, полиция бөлімінде есепте тұрған және мектепішілік есепте тұрған жасөспірімдердің еңбекке араласуына, спорттық үйірмелермен қамтылуына баса назар аудару қажеттігін, мектеп психологтарының, әлеуметтік педагогтардың, педагог ұйымдастырушылардың нәтижелі жұмыс атқаруын қадағалау керектігін айтып өтті. Одан бөлек, жиын барысында ауыл әкімдері мен мектеп директорлары да пікір білдіріп, үн қосты.
Жиын қатысушыларына ашықтықтың қаншалықты маңызды екенін жіті түсіндірген Бақытжан Оразалыұлы ауданда орын алып отырған оқыс оқиға бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы жедел және тиімді әрекет етуді тапсырды.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.