Ақпараттық портал

Би өнері – ұлт рухының айнасы

Үстіміздегі жылы Шымкент қаласы мәдениет үйінде «Жарық жұлдыз» республикалық балалар журналының ұйымдастыруымен X Республикалық «Жарық Жұлдыз» балалар өнер байқауы жоғары деңгейде өтті. Аталған байқау жас таланттардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық өнерді дәріптеуге және эстетикалық тәрбиені дамытуға бағытталды.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынасты. Соның ішінде Шу ауданы Балалар- жасөспірімдер орталығы №2-нің хореография жанры бойынша төрт би тобы қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, «Айкөркем» би тобы байқаудың ең жоғары марапаты – бас жүлдені иеленіп, көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Еркеназ», «Шашу» және «Жұлдыз ай» би топтары өз өнерлерінің шеберлігін көрсетіп, І орын жүлдесін жеңіп алды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз ұжымдарға Түркия еліне жолдама берілді. Сонымен қатар, үйірме жетекшісі де ерекше марапатқа ие болды. Оның шәкірттерінің жоғары жетістіктері үшін бір метрлік «Супер Кубок» пен арнайы супер медаль табысталды. Осыған орай, жас дарындарды қолдау мақсатында Шу ауданы тұрғындары мен кәсіпкерлерін аталған би топтарына демеушілік көрсетуге шақырамыз. Халықаралық деңгейдегі байқауға қатысу – жол шығындары, сахналық киімдер мен дайындық жұмыстарын қажет ететін жауапты кезең. Сондықтан өнерлі балаларға қолдау көрсету – болашаққа салынған инвестиция, ұлттық өнерге деген жанашырлықтың көрінісі болмақ.
Би өнері – халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, рухани болмысын бейнелейтін маңызды өнер түрі. Осындай байқаулар арқылы жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығы артып, олардың шығармашылық қабілеттері шыңдала түседі.
Қорыта айтқанда, «Жарық Жұлдыз» байқауы жас дарындардың жарқырап шығуына жол ашып, ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосып отыр. Балалар-жасөспірімдер орталығы №2 ұжымының жетістігі – өңір мақтанышы әрі болашақ үлкен жеңістердің бастауы екені сөзсіз.
И.Сариева,
Балалар-жасөспірімдер орталығы №2 коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.