ОРМАНДЫ ӨРТТЕН ҚОРҒАЙЫҚ
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2026 жылдың 26 наурызындағы № 31-ө бұйрығына сәйкес Мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт кауіпі бар маусымның басталу күні 2026 жылдың 26 наурызы деп белгіленді.
Осыған орай мемлекеттік орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау коммуналды мемлекеттік мекемесі бір қатар іс-шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда Қосқұдық орман шаруашылығының орман қорымен іргелес жатқан Ақтөбе, Мойынқұм, Еңбек, Өндіріс, Алға, Тасөткел ауылдық округтердің әкімдерімен және де өртке қарсы құрылған ерікті топтардың жасақтарымен орман алқабындағы өрттің алдын алу тақырыбында жиындар өткізілді. Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ–не қарасты Мемлекеттік орман қоры аумағында орналасқан барлық табиғат пайдаланушылармен өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстары және келісімшарттар жасалды. Шекаралас жатқан Меркі және Мойынқұм орман шаруашылықтарымен өртке қарсы бірлескен жұмыс жоспары жасалынып келісілді.
Қосқұдық орман шаруашылығының орман өрт сөндіру станциясының жасақшылары мен техникалары орман қорында орналасқан өртке қарсы бекеттерге өрт қауіпі бар маусым бойына кезекшілікке өрт қауіпітілігінің 4-5 сыныбы кезінде орналастырылады және де азық–түлік, жанармай, өрт сөндіру құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Өрт маусымы – аса қауіпті кезеңдердің бірі. Сондықтан әр адам қауіпсіздік шараларын сақтап, табиғатты қорғауға үлес қосуы тиіс. Ұқыптылық пен жауапкершілік – өрттің алдын алудың басты кепілі. Өрт – тілсіз жау. Орманды өрттен қорғайық.
Орынбек Мәдібек,
Орман өрт сөндіру станциясының
басшысы.