Ақпараттық портал

Ескерткіш қоярда ескерер мәселе көп

Жуырда ғана ауданымызда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры Сауран Қалиевтің жетекшілігімен жұмысшы топ келген болатын. Бөлім басшылары мен ауылдық округтің мамандары қатысқан жиында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау: заңнамалық негіздер және практикалық шаралар» тақырыбы кеңінен талқыланды.
Өңірге келген мақсатты түсіндірген Сауран Қалиұлы өзі басқарып отырған мекеменің жұмысын қысқаша таныстырып, жиынға қатысушылардың нендей мәселелерге мән беру керектігін түсіндірді. Оның ішінде ескерткіш, бюст тұрғызу тәртібі, құжаттандыру ісі бағзыдан хабар беретін көне мұраларды қорғау жолын тілге тиек етті.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта заңсыз ескерткіштер орнату деректері көбейіп отыр. Яғни әрбір ру немесе ауыл өздері құрмет тұтқан адамның ескерткіш, бюстын орнатып, оны заңдастыруды ұмыт қалдырады. Мұндай деректер облыс көлемінде көптеп орын алып отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында бүгін арнайы Шу ауданына ат басын бұрдық. Тақырыпқа қатысты мәселелерді талқылап, еркін пікір алмасып, ескерткіштер мен мәдени мұраларды қорғауға қатысты сұрақтарға жауап беруге келдік, – деді Сауран Қалиұлы сөз басында.
Мұнан кейін мекеменің заңгері Ержан Сланов сөз алып, монументтік өнер құрылыстарының орнату тәртібі мен қағидаларын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, еліміздегі ескерткіштердің барлығы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы №103 бұйрығына сәйкес орнатылады.
– Ескерткіш орнату бастамасымен келген азаматтан ардақталатын адамның тарихи тұлғалардың тізімінде болу-болмауын сұрауымыз керек. Тізімде бар болған жағдайда ол кісінің мерейтойын атап өту жоспарын білген абзал. Кейінгі өзгерістерге сәйкес жоғарыдағы екі мәселенің орайы келсе, ескерткіш орнатылатын жердің шешімі шығып, кадастрлық құжаттары рәсімделуі тиіс. Онан соң бұл ескерткіш жеке қаражат немесе бюджет есебінен тұрғызылатынын анықтап алу қажет, – дейді Ержан Асқанбайұлы.
Жинақталған құжаттар облыстық дирекцияға жолданған соң арнайы комиссия бастаманы жан-жақтан зерделеп, тиісті қорытындысын жария етеді. Сонымен қатар бір аумақта бір тұлғаның екі ескерткішін орнатуға болмайтынын осы мәжілісте білдік.
Аталмыш жиында дирекцияның ғылыми қызметкері Ескендір Төрбеков те ежелден бізге жеткен археологиялық, өзге де ғұрыптық кешендердің бүгінгі жай-күйі, оның ішінде Шу өңіріндегі Ақтөбе қалашығының туристерді қабылдаудағы әлеуетіне тоқталып өтті. Одан бөлек, бағзыдан сыр шерткен Жайсан топырағындағы балбал тастарды жергілікті билік бағалай алмай отырғанын аңғардық. Себебі ескерткіштердің қорғау аймағы тарылып, айналасына егін егілгені мәлім болды. Тіпті, Ресейден келіп, өздерін археологпыз деп жалған құжатын таныстыратындар мұраларды тонауда. Оның халықаралық қара нарықта сатылатынын Ескендір Санжарұлы айтып берді.
Жиын барысында облыс аумағындағы ескертіштер мен ежелгі мұраларға зерделеу жұмыстары жүргізіліп тұратыны белгілі болды. Ол туралы осы мекеменің бас инспекторы Салтанат Ділдәбекова баяндап өтті.
Оның айтуынша, өңірімізде облыс әкімдігінің 2020 жылғы №148 қаулысы негізінде 57 нысан жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген. Оның ішінде 2 қала құрылысы мен сәулет, 4 монументтік өнер құрылысы мен 51 археологиялық ескерткіш бар.
Бас инспектор Жайсан ғұрыптық-мемориалдық кешенінің қорғау аймағы егістік алқабына айналғанын және Жаңа жол қалажұртының аумағынан жер телімдері беріліп кеткенін жеткізді.
Көптеген көкейтесті мәселелер талқыланған жиын соңында сұрақ-жауаптарға кезек беріліп, ата-бабадан қалған мұраларды келешек ұрпаққа аман күйде табыстау қажет деген оймен қорытындыланды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.