Ұлағатқа баулыған байқау
Ел тарихындағы егемендіктің алғашқы негізін қалаған 1990 жылдың қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының қабылдануы – Қазақстанның тәуелсіз ел болуға бағыт алғанын айқындайтын күн. Сондықтан да осы күннің тарихын өскелең ұрпаққа ұғындырып, бағасын арттыруға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізудің маңызы зор. Осыған орай, Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.К.Спанова мен педагог-ұйымдастырушы Г.К.Сыдыкова Республика күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырып, мектептің АӘТД жетекшісі К.Н.Ибраимовтың жетекшілігімен Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің туған күніне арналған «Сапта жүріп ән айту» патриоттық байқауы өтті.
Салтанатты жиынды мектеп директоры Жандабаева Ақмарал Тұрсынбайқызы ашып, жылы лебізін білдірді. Тағылымы мол іс-шарада Қазақстан Республикасының Гимні орындалып, Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіровті бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиынға Шу аудандық аналар алқасының төрайымы А.Б.Иманова, Төле би ауылдық аналар алқасының төрайымы Л.К.Сатыбалдиева, батырдың қызы Рахат Сәдуқызы, Шу ауданының еңбек сіңірген ардагері Базылов Асқар Нәметұлы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы Гүлнұр Ермекбаева, «Қуаныш» балабақшасының меңгерушісі Ж.М.Балдакова, мектеп ұжымы, ата-аналар қатысты.
Өз кезегінде Рахат Сәдуқызы жас ұрпақтарға әкесінің ерлік естеліктерін мақтанышпен айта отырып, оларды елінің патриоттары болуға шақырып, мектеп ұжымына ризашылығын білдірді. Іс-шара барысында білім алушылар патриоттық өлең жолдары мен ән шашуын арнады. «Сапта жүріп ән айту» патриоттық байқауына 5-10 сыныптардың білім алушылары қатысты. Байқау нәтижесінде орта буын білім алушылары арасында I орын 6 «А» сыныбына, II орын 5 «Ә» сыныбына, III орын 5 «А» сыныбына бұйырды. Жоғары сыныптар арасында I орынды 10 «А» сыныбы, II орынды 7 «А» сыныбы, III орынды 7 «Ә» сыныбы иеленіп, дипломдармен марапатталды.
Айғаным Асқарбек.
