Ақпараттық портал

СЕНІМДІ СТАТИСТИКА – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекеттік басқару жүйесінде нақты әрі сенімді деректердің маңызы ерекше. Кез келген шешім мен жоспар дәл статистикалық көрсеткіштерге сүйеніп қабылданады. Осы маңызды міндетті тиянақты атқарып жүрген саланың бірі – Шу аудандық статистика басқармасы. Мемлекет үшін аса маңызды бұл саланың құрылғанына биыл – 105 жыл толып отыр. 8 қараша күні аталып өтілетін Статистер күні кәсіби мерекесі қарсаңында біз Гүлнәр Жамбылбекқызы Аязова басқарып отырған Шу аудандық статистика басқармасының еңбегі жайлы айтпақпыз…
Қазіргі таңда ауданның бұл маңызды саласында бес мемлекеттік қызметші және үш кіші қызметкер жұмыс жасайды. Олардың қатарында 39 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан, бүгінде «Статистика үздігі» ретінде танылған аудандық басқарма басшысы Гүлнәр Жамбылбекқызы, 29 жылдық еңбек өтілі бар бас маман Айсұлу Мунтбекқызы, 19 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жетекші маман Лаззат Мубдахадинқызы, 22 жылдық қызмет өтілі бар Зухра Серікқызы, жетекші маман Әділет Наухамбайұлы, сондай-ақ Мұхтар Қулбайұлы, Елтияр Отынбайұлы мен Жеміскүл Қасымқызы жиырма жылдан бері тазалық жұмыстарын атқарып келеді.
Басқарманың басты мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты мәліметтерді жинау, өңдеу және талдау арқылы тиісті мекемелер мен органдарды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету.
Бұл сала ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, көші-қон, демография және өнеркәсіп салалары бойынша деректер жинақтайды. Әрбір ұйым мен кәсіпорыннан алынған есептер мұқият тексеріліп, жүйеленеді. Бұл ақпараттар ауданның даму көрсеткіштерін айқындауға, жоспарлар мен бағдарламаларды дұрыс бағыттауға негіз болады.
Бүгінде басқарма жұмысы толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Есептер мен мәліметтер электронды форматта қабылданып, деректер базасы үнемі жаңартылып отырады. Бұл өз кезегінде уақыт үнемдеп, есеп беру сапасын арттыруға жол ашты. Көпшілік назарынан тыс қалатын бұл саланың маңызы зор. Себебі статистикалық ақпарат – мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауға, халықтың әл-ауқатын анықтауға және алдағы даму бағыттарын жоспарлауға тікелей әсер етеді.
Аудандық статистика басқармасының мамандары өз істеріне аса жауапкершілікпен қарайды. Әрбір есеп, әрбір көрсеткіш – олардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
– Біздің басқарманың жұмысы көзге көрінбегенімен, іс жүзінде өте жауапты әрі күрделі сала. Әрбір есеп пен мәлімет ауданымыздың экономикалық, әлеуметтік даму көрінісі. Біз үшін басты мақсат нақты әрі сенімді дерек қалыптастыру. Себебі, әрбір санның артында ауданның өмірі, халықтың тұрмыс деңгейі тұр. Сол үшін біздің қызметкерлер әр мәліметті тиянақты тексеріп, шынайылығын қамтамасыз етеді. Статистика – ел дамуының айнасы. Сондықтан, біздің басты ұстанымымыз дәлдік, жауапкершілік және сенімділік, – дейді басқарма басшысы Гүлнәр Жамбылбекқызы.
Ал, басқарма мамандарының айтуынша, кез келген көрсеткіш – жай ғана сан емес, ол ауданның нақты өмірін сипаттайтын маңызды дерек. Сол себепті, статистикалық мәліметтің дәлдігі мен сенімділігіне ерекше көңіл бөлінеді.
Статистика басқармасы қоғам дамуының нақты көрінісін көрсететін стратегиялық маңызы бар құрылым. Оның жұмысы арқылы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі, тұрғындардың әл ауқаты және экономикалық өсім байқалады. Демек, статистика сандар тілімен сөйлейтін, әрі ел дамуының жүрегін дәл көрсететін жауапты сала.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.