Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Аптаның сейсенбісінде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Айжан Иманова, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ ювеналды полиция қызметкерлері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының қызметкері Н.Қыздарбеков, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің директоры Г.Сейдахметова және Абай атындағы орта мектебінің директоры А. Байгисиева баяндама жасады.
Одан бөлек, отырыстың барысында кәмелетке толмаған балаларға қатысты жұмыстың алгоритмі сараланды. Әрбірінің мәселесі жеке талқыланып, комиссия мүшелерінің ұсыныстарымен тиісті шешімдер қабылдады.
Атап айтқанда, Шу аудандық мәслихат шешімімен бекітілген жаңа құрам мүшелері күн тәртібінде кәмелетке толмаған 7 балаға қатысты мәселелерді қарады. Соның ішінде, баласын қараусыз тастап кеткен анаға байланысты ата-аналық құқығын шектеу мәселесі көтерілсе, 2 баланың ата-анасының немқұрайдылығынан сабақтан жиі қалатындығы туралы мәселе көтеріліп, ата-анасына ескерту жасалды. Сонымен бірге 1 оқушының өмірлік қиын жағдайда өмір сүріп жатқандығы анықталып, баланы арнайы әлеуметтік қолдау орталықтарына орналастыру мәселесі де талқыланды.
Жиын соңында Найман Кенжеханұлы комиссия мүшелері мен білім саласы қызметкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар ол кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылыққа жол бермеу аса маңызды жұмыс екенін ескертіп, толық емес немесе жайсыз отбасы, жетім балалар тұратын үйлерді жиі аралап тұру қажеттігін алға тартты.
Өз кезегінде ювеналды полиция қызметкерлері де тиісті жұмыс атқарып, рейдтік шараларды жиі өткізуге уәде етті.
Байжан Емберді.