Әбдімомын Желдібаев тартқан қол диірмен
Қол диірмені – қазақ тұрмысындағы көне ұн тартатын құрал. Қазақ халқының күнделікті тұрмысында қол диірмен ерекше орын алған. Ол дәнді дақылдарды ұнтақтау үшін қолданылатын қарапайым әрі тиімді құрал. Ежелде көшпелі өмір салтына бейімделген халқымыз бұл құралды үнемі пайдаланып отырған.
Диірменнің жұмысы бір-біріне беттескен екі тастың арасына салынған дақылдың үстіңгі тасты айналдырған кезінде үгілуіне негізделген. Қол диірмен екі үлкен тастан жасалған. Ортасында бидай салатын үңгісі болады. Диірмен өте ауыр, оны айналдыру үшін көп күш керек. Ойығына бидай салынып, астық тастардың арасына үгітіледі, осылайша үгітілген бидай төменгі тас астына жиналады.
Жалпы, қол диірмен тастарының көбінің диаметрі 30-50 см шамасында. Ал, астыңғы және үстіңгі тастардың қалыңдығы 5-6 см аспайды.Үстіңгі тастың ортасынан диаметрі 4-5 см дөңгелек тесік жасалады, айналдырған уақытта үстіңгі тастың ауытқып кетпеуін қамтамасыз ету үшін жасалады. Үстіңгі тастың жоғары жақ шетінен тереңдігі 2-3 см ойық қашалады. Содан кейін ағаш сап орнатылады, сол сапты ұстап, қол диірменді қозғалысқа келтіреді.
Халқымыз қанша көшіп-қонып жүрсе де қол диірменін тастамаған. Қазір осындай тас диірмендерді музейлерден көруге болады. Себебі, заман дамыған сайын ұнтақтауға арналған әртүрлі құралдар бар. Ол құралдар адам күшін қажет етпейді. Біздің аудандық музей жақында ғана осындай қол диірменмен толықты. Бұл диірмен аты республикаға әйгілі күйші-композитор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, 70-тен астам ән-күйлердің авторы, оның ішінде халықтың жүрегінен орын тапқан әрі алтын қорда сақтаулы тұрған «Ерке сылқым» төл туындысының авторы Әбдімомын Желдібаевқа тиесілі.
“Әбдімомын атамыз бала күнінде Күлжәмилә анамызға осы диірменді тартуға үнемі көмектесіп, диірменнің ойығынан бидай салып отыратын” деп еске алды Төлендиев Әбдибай аға. Әбдібай ағаның айтуынша, қол диірмен шамамен 1940 жылы жасалған, осы уақытқа дейін қара шаңырақта сақтаулы тұрған. Енді бұл диірменді аудандық музейден көруге болады.
Л.Маметаева,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.