Мәдени ошақтардың мәселелері шешілуде
Мәдениет үйі – ұлт руханиятының ұясы. Оның сахнасы арқылы халықты тәрбиелеуге болады. Ал сыртқы келбетіне қарап көп дүниені сезіне алатынымыз анық. Мәдениет пен өнер ордасы саналатын мәдени ошақтардың қасбеті келісті болуы маңызды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бір сөзінде «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген болатын.
Биыл ауданның мәдениет саласында айтарлықтай маңызды істер атқарылғанын айта кеткен жөн. Мәселен жуырда ғана Көктөбе , Бірлікүстем және Шоқпар ауылдық мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәресіне жетіп отыр. Күзде басталған жұмыстар жоспарланған уақытта аяқталған.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Айнұр Рахымбаеваның айтуынша, Шу өңірінде аудандық, оған қарасты қалалық мәдениет үйін қосқанда барлығы 20 мәдени ошақ халыққа қызмет көрсетеді. Олардың ішінде түрлі үйірме шәкірттерді өнерге баулып жүр. Жас өнерпаздар сахнаға шығып, көптің алғысына бөленіп келеді. Мәдениет қызметкерлері де жұртшылық игілігі үшін жемісті жұмыс істеуде.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы билік өңірдің мәдениетіне көптеп көңіл бөліп отыр. Кейінгі жылдардың кескінін қарасақ, елді мекендерде мәдени ошақтар ел кәдесіне берілуде.
Биылдың өзінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жұмыс сапары барысында Белбасар ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің ашылуына қатысқан болатын.
Байжан Емберді.