Тәуелсіздік пен әділдік
16 желтоқсан – Қазақстан халқы үшін ерекше тарихи күн. Бұл күн – мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған, жаңа дәуірді бастап берген мерейлі сәт. Азаттықтың ақ таңы атқан осы кезең еліміздің саяси, экономикалық және құқықтық жүйесінің қалыптасуына жол ашты. Соның ішінде тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің құрылуы – мемлекеттіліктің мызғымас тіректерінің бірі болды.
Тәуелсіздік және сот билігінің қалыптасуы 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз демократиялық құндылықтарға негізделген құқықтық мемлекет құру жолына түсті. Конституцияның қабылдануы, билік тармақтарының бөлінуі, сот билігінің дербес тармақ ретінде бекітілуі – әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі тарихи қадам болды.
Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесі халықаралық стандарттарға сай жаңарып, ашықтық, қолжетімділік және сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету бағытында үлкен өзгерістерге қол жеткізді. Соттар халыққа жақын, ашық әрі әділ болатын жаңа форматқа өтті.
Сот билігінің тәуелсіздігі – мемлекеттің демократиялық жолмен дамуының кепілі. Әділ сот төрелігі жүзеге асқан жерде азаматтардың құқығы қорғалады, қоғамда сенім қалыптасады, елдегі тұрақтылық нығаяды.
Бүгінгі күні соттар:
-азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
-дауларды әділ әрі жедел шешу;
-құқықтық мәдениетті арттыру;
-қоғамда заң үстемдігін орнықтыру сияқты маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Тәуелсіздік жылдарынан бері Шу аудандық соты да халыққа сапалы қызмет көрсетуді, сот төрелігінің қолжетімді болуын басты мақсат етіп келеді. Соттың материалдық-техникалық базасы жаңарып, электрондық сервис енгізіліп, медиация мен татуластыру мәдениеті кеңінен дамуда. Судьялар мен сот қызметкерлері азаматтармен жұмыс жүргізуде ашықтық пен жауапкершілікті басты қағида етіп қабылдаған. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару – біздің ортақ міндетіміз және Қазақстан тәуелсіздігінің басты құндылықтарының бірі.
Тәуелсіздік бізге ұлттың тұтастығын, елдің еркіндігін ғана емес, құқықтық мемлекет құру мүмкіндігін сыйлады. Ендігі міндет – осы жетістікті сақтау, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайту, халық сенімін арттыру. Әділдік салтанат құрған жерде мемлекет нығаяды, қоғам дамиды.
16 желтоқсан – тәуелсіздігін алған жас мемлекеттің жаңа даңғыл жолға шыққан күні. Осы күн – өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа сенім. Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгі, сот төрелігі әділ болсын! Заң үстемдігі – елдің ең үлкен байлығы.
Шынар Кебекбаева,
Шу аудандық соттар әкімшісінің бас маман
сот отырысының хатшысы.