Ақпараттық портал

Сен азаматсың…

Жастардың жарқын әрекетіне риза болған қариялардың «бәрекелді, міне, азамат» деп бата беріп жататыны белгілі. Мұндай сөздің екінің біріне айтыла бермейтіні оның ерекшелігін айқындай түсетіні рас. Осы ретте, соңғы уақытта Азамат деген есімнің қойылмайтынын, «азаматсың» деген мақтау сөздің жиі айтылмайтынын аңғардыңыз ба? Ендеше, баланы кішкентай кезден бастап «сен – азаматсың» деп тәрбиелеп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге тырысу қажет-ақ. «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз!» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазіргідей адам бойынан асыл қасиеттер азайып бара жатқан қоғамда азаматтықты дәріптеу маңызды шаруа екені анық. Түптің түбінде тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің ғұмырлы болуына әсер етпей қоймайтыны да белгілі.

Иә, «азаматпын» деп айту оңай болғанымен асыл адамзаттық қасиеттерді бойға сіңіру өте қиын. «Сен азаматсың» деген сөздің өзі адамға аванс, бонус сияқты айтылатындай. Адамзаттық құнды қасиеттерді бойына толық сіңірген адамдарды ғана азамат деп айтуға болады. Келісесіз бе? Ал, адамзаттық қасиеттер ананың ақ сүтімен, әкенің әрбір саналы әрекеті арқылы бойға сіңетіні хақ. Жанның азығы жақсы тәрбие, ал жақсы тәрбие азаматтықтың негізі болатыны да осыған дәлел болса керек-ті. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билеген заманда ата-аналар бала тәрбиесін ұмыт қалдырып, «азаматтық» ұғым «шаң» баса бастағандай. Несие мен ипотекаға байланған ата-аналар таңның атысынан кештің батысына дейін ақша табуды ойлап, азаматтық сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуді ұмыта бастағанын бүгінгі қоғамнан байқауға болады. Бұл маңызды шаруамен мектептегі мұғалімдердің айналысуы аздық етеді. «Азаматтық қоғам» деген ұғымның өзі ұрпақ тәрбиесімен тұтас қоғам болып айналысу қажет екенін айқындап тұрған жоқ па?!
Екіншіден, қазіргідей алмағайып заманда «азаматтық» ұғымды ұлттық идеологиямен, ұлттық тарихпен, ұлттық сана-сезіммен, ұлттық патриотизммен байланыстырмаса болмас. Мемлекеттің негізгі тірегі қай кезеңде де, қай ғасырда да, қай дәуірде де ұлттық мүдде болатыны анық. Қазіргі қоғамда мемлекетшілдік ұғымына қатысты мынадай бір қалыптасқан пікір бар. Биліктің кез келген бағытын қолдап, қарапайым халықтың ой-пікірін кейінге ысырып қоятын шенеуніктерді мемлекетшіл деп бағалап жатады. Неге? Себебі, мемлекетшілдік туралы ой толғағанда ең алдымен мемлекеттік қызметтегі азаматтар еске түседі. Рас, мемлекетшілдіктің бірден-бір үлгісі солар болуы тиіс. Алайда, қазына қаржысын жымқырып, одан қала берді ысырапшылдыққа жол беріп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді мемлекетшіл деуге ауыз бармайды. Бүгінде әр ел азаматының бойында мемлекетшілдік сананы қалыптастыру аса маңызды. Бірақ бір нәрсені терең түсініп алғанымыз абзал. Біз ежелден мемлекеттігіміз қалыптасқан елміз. Біздің бүгінгі міндет – идеологиялық тұрғыдан мемлекетшілдік сананы қалыптастыру. Ал мемлекетшілдік сана – идеологияның қайнар көзі. Соны сіңіріп, бойына дарыта білгендерді мемлекетшіл азамат деп айтуға болады.
Мемлекетшіл болу үшін ең алдымен елімжан болу керек. Бір айта кететін нәрсе, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруды бала кезден бастаған абзал. Мемлекеттің ертеңгі тұлғасы мектептен қалыптасады. Демек, бұл ретте мектеп мұғалімінің жауапкершілігі артады. Яғни, балада мемлекетшілдік сана қалыптассын десек, ұстаз мемлекетшіл болуы тиіс. Одан әрірек барғанда, ата-ананың әр ісінен мемлекетшілдік әрекет көрініс таппаса, оны бала бойына сіңіру мүмкін емес. Заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбектің «Қазақтың ұлы данасы Абайдың өзі – мемлекетшіл, ұлтшыл тұлға. Неліктен? Өйткені қазақтың қамын ойлап, ұлтты модернизациялау керектігін уақытында түсінген адам. Бірақ Абайдың пікірлерінің көбі өз кезіндегі саяси биліктің жүзеге асырып отырған саясатына қарсы болды емес пе? Яғни, саяси сын мемлекетшіл адамдардың бойынан шығады. Себебі мемлекетшіл адам өз елінің болашағына немқұрайды қарай алмайды» деп жазғаны бар еді. Расында да, мемлекетшіл адам ұлтының, туған халқының барына сүйсініп, жоғына күйінетін азамат болуы тиіс.
«Азаматтық» ұғымды тереңдете түссек, мемлекетті сүю үшін ең бірінші өзінің ана тілін сүюі керек. Өзінің халқын сүюі керек. Еткен еңбегінің бәрі мемлекеттің болашағына бағытталуы тиіс. Жалпы алғанда, мемлекетшілдік мемлекеттің мүддесін қорғаумен сипатталады. Өз жеке басыңның күйін күйттеу емес, елдің, мемлекеттің жағдайын ойлау. Қай кезде болмасын сол мемлекеттің мүддесін қорғауды ойлап тұруы қажет. Сонда ғана азаматтардың мемлекетшілдігін бағалай аламыз.
Түптеп келгенде, мемлекетшілдік дегеніміз ұлттық идеямен қабысып жатыр. Онсыз ешқандай азамат мемлекетшіл бола алмайды. Ата-бабадан қалған мұраның қадіріне жетпеген азамат мемлекеттің мүддесін қайдан ойласын?! Сондықтан мемлекетшіл азамат ең алдымен, ұлттық құндылықтарды бағалауы қажет. Ал ұлттық құндылықтардың негізі отаншылдықта. Ұлтын сүйген, халқын сүйген, тілін сүйген азамат мемлекеттің дамуы жолында да қалтқысыз қызмет атқарады.

Медет Атайбеков,
Шу қаласы әкімінің кеңесшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.