Ақпараттық портал

Тәртіпсіз білім басқа қонбайды

Қазіргі таңда еліміздің кез келген қала, аудан, қала берді шағын ауылдарында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында кездесіп жатқан келеңсіздіктердің алдын алу шаралары күн тәртібінен түспейтін күйіп тұрған мәселе болып тұр. Қынжылтатыны, мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік пен бопсалау, ішінара ақша жинау, бір-біріне үстемдік жасап, зорлық-зомбылық әрекеттерін көрсету, тіпті өлтіріп жіберу белең алуда.
Бұл түйткілдер мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылардың арасында орын алып жатқандықтан, таяқтың ұшы ең бірінші сынып жетекшісі мен мектеп ұжымына тиеді. Қазіргі заман тәрбиесінің қара қазаны болған мектептің мойнында қаншама жүктің жауапкершілігі артылып отырғанын көпшілік біле бермейді-ау деймін?! Ата-аналық міндетін орындамайтын немесе орындай алмайтын жандардың балаларын кісендеп қойсаң да өз білгенін істейтінін өмірлік тәжірибеде көріп жүрміз. Түрлі сылтауды желеу етіп сабаққа келгісі келмейтін, қыдырғанды жақсы көретін оқушының әртүрлі тосын жағдайларға жолығып, қателіктерге ұрынатыны бесенеден белгілі. Айналып келгенде, еңбегі еш, тұзы сор болған мұғалім айыпты болып шығады. Рас…
Халқымыздың біртуар батыр азаматы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз білім басқа қонбайды» деген болатын. Демек, ең бірінші, білімнен бұрын тәрбие ісін, тәртіпті жолға қоюымыз керектігі өздігінен айқындалып тұр емес пе?! «Тәрбие – тал бесіктен» бастау алатынын түйсігімізге шегелейтін даналық сөздер қаншама?! Сондықтан да тәрбиеге ерекше көңіл бөлетін қазіргі қоғам бесігі болған мектептің жаңарып, жаңғыруына ықпал жасаған ләзім.
Атыс-шабыс, кинодағыдай көріністер өмірде де болып жатыр. Байқасақ, қазіргі кез келген құзырлы органдар қоғамда туындап отырған түрлі мәселелерге келгенде жауапкершіліктің барлығын мектепке итере салып, «Кім жаман, мектеп жаман» дегенге машықтанып алған. «Таудағы арқардың мүйізі сынса, етектегі бұғының мүйізі сырқырайды» дегендей, қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктің бәріне, әсіресе, жастар тәрбиесіне кез келген мекеме, түрлі құрылымдағы қоғамдық ұйымдар бәрі бірдей атсалысса, нәтижелі істер көрініс берер еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
Шын мәнінде, мұғалімдер оқушылардың тәртібін кеңестік дәуірдегідей қатал түрде қолға ала алмайды. Кеңестік дәуірдегі жасөспірім мен қазіргі балалардың ой-өрісі мен бой түзеулері жер мен көктей. Бүгінгі балаларды алғыр, еркін, озық ұрпақ ретінде тәрбиелейміз деп аялап, аймалап өсіруіміздің нәтижесінде еркіндікке тым бой алдырған баланың бетімен кетуіне ырық беріп алдық. Мектеп жасындағы балалардың түрлі қылмыстарға баруының өзі сол бетінен қақпай өсіруіміздің жемісі. Киімінің түймесі үзілсе де мектепке бармайтынды шығаратын талап қойғыш балалар әке-шешесіне айтқанын істететін заман туды.
Осы жерде дана Абайдың «Егер, заң күші менің иелігімде болса, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп бекер айтпаса керек. Соңғы кездері әлеуметтік желі мен теледидардан жасөспірімдердің араласуымен жасалып жатқан түрлі қылмыстардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткені байқалады. Бұл қоғамның алдында тұрған үлкен қорқыныш.
Білім беру мекемелерінде мың жерден түрлі іс-шаралар өткізіп, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеп, Отансүйгіштікке насихаттап жатырмыз дегеннің өзінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың беті қайтпай тұр. «Отан отбасынан басталады» деген нақыл бекер айтылмаған. Кезіндегі ұлы ойшылдардың санатына жататын К.Маркстің «Адамның санасын тұрмыс билейді» деген қанатты тұжырымы қазір дәл сол қалпында. Тұрмыстық жағдайдың бала санасын бірден тез улайтыны белгілі жайт. Қоршаған ортаның, көшенің, тіпті көршінің тәлімін жұқтыратын баланы мектеп тәрбиелеп, тезге салып береді деу, әрине жаңсақтық.
Қазіргі замандағы тұрмыстық теңсіздіктен, бай-кедей деп тапқа бөлінудің салдарынан балалардың арасында бір-біріне деген ашу-ызалардың байқала бастағанын аңғарып отырмыз. Қаржылық жағдайы жоғары тап өкілдерінің балаларында оқу үлгерімі жақсы болғанымен, бойларында отансүйгіштік емес, «олигархтық» сана басым болатыны өмірлік мысалдардан-ақ көрінеді. Кедей тап балаларының санасын «Пәленше байдың баласындай ішіп-жемге еркін болатын күн қашан болар екен, неге мен одан кеммін?» деген сұрақ мазалап, өз ата-анасына деген ыза-сезім орнығып, реніш туындайды. «Жоқ пен жетіспеушіліктен мезі болған жасөспірімдердің суицид ауруына шалдығуы осы тапта көбірек кездеседі» деп педагог ғалымдардың зерттеу институтының мамандары айқын тұжырым жасаған.
Баламның керегін тауып, киімін бүтіндеп берсем жетеді, тәрбиелеу – мектептің ісі деп теріс пиғылға бекініп алған ата-аналардың қоғам болашағы – бала тәрбиесіне салғырт қарайтындары арамызда бар екендігі шындық. Бақылаусыз кеткен балалардың тәртіпсіздігі туралы сөз болған жағдайда мектепті кінәлайтындар да көбейді.
Бірде ардагер ұстазбен әңгімелесіп отырғанда өзінің өкпе-ренішін айтқан еді… Ол өз сөзінде «Қырық жыл мұғалім болдым. «Оқы, оқы» деп оқушыға бағдар нұсқағаным үшін одан нәтиже болмай, ата-анасына балаңыз оқымай жүр дегенім үшін, ата-анасына жеккөрінішті болдым. Еткен еңбегің босқа кеткендей болады екенсің» дегенде қаншама жүйке, қаншама табанды еңбектің еленбей қалғанын ойлап, ішіміз удай ашыды. Баласы оқыған мектепте күні кеше ғана өздері оқып, білім алған кейінгі толқын жас ата-аналардың мұғалім абыройы өзінің абыройы екенін сезінбеулері тәрбие ісінің кереғар қалыптасуына әсер етуде. Бесіктен белі шықпаған балаларымыздың қатігезденіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірмей, үлкендердің немқұрайдылыққа салынуы жақсылық әкелмесі анық. Бүгінгі жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың бәрі ең алдымен өзіміздің яғни ата-аналардың жіберген кемшіліктерінің салдарынан орын алуда.
Мәселен, ауданымызда орын алған оқушылар арасындағы жантүршігерлік оқиғалардың салдарына қазіргі қоғамдағы немкеттілік пен ата-аналар бойындағы жауапкершіліктің жоқтығы сеп болды десек болады. Отбасылық дастархан басындағы әңгімеде ауылдасын жамандап отырған үлкендердің кейінгі толқын балаларымыздың санасына өшпенділік дәнін егіп жатқандығын сезіне ме екен?! Бала кезінде санасына құйылған әке-шешенің терісқақпай сөздерін тұмардай қабылдаған баланың қандай боп өсетінін бәріміз білеміз. Әрине, бұл жерде көпшілікке күйе жағуға болмас. Атадан мұра боп бізге жеткен даналық сөздердің бәрі жақсы нәрсеге тәрбиелеу туралы айтылған. Сондықтан, бала тәрбиесінде артымыздан еретін көш толқынына қоғамымыздың кез келген мүшесі «менікі», «сенікі» демей, жанашырлық танытып, бәрі «өзімдікі» деген ниетпен атсалысуымыз керек-ақ…

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.