Ақпараттық портал

Ерекше балалар еркіндікті бейнеледі

Туған елге деген іңкәрлік әр жүректе сайрап жататыны белгілі. Бірі оны ән арқылы жеткізсе, енді бірі жырына қосып жатады. Тағы бірі қылқаламын қолына алып, қиялына ерік береді. Әсіресе, балалар салған суреттен көп сырды аңғаруға болады.
Қазақ елінің Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған сурет салу байқауында әлеуметтік қызмет алушы балалар бақтарын сынады. Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев арнайы қатысып, өнерлі өрендерге жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Балалар – біздің болашағымыз. Олардың барлығына біз қамқорлық танытып, талабына қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінгі байқаудың өз ерекшелігі бар. Талантты балғындар Тәуелсіздік туралы түсінігін ақ парақ бетіне қондырмақ. Шабыттарыңыз шалқи берсін! Егемендігіміздің еңсесі тік болсын, – деді Найман Кенжеханұлы.
Сонымен қатар аталған бөлімнің басшысы Гүлмира Керімбаева да ізгі ниетін білдіріп, балалардың шығармашылығына қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға алғыс айтты.
Мұнан кейін сайысқа қатысушылар патриоттық тақырыптар аясында түрлі суреттер салып, өздерінің өнерлерін паш етті. Үздіктерді анықтау қиын болған байқауда қатысушылардың барлығы жеңімпаз атанып, жүлделерге ие болды.
Оларды табыс еткен Найман Кенжеханұлы балаларға сәттілік тілеп, келешекте көркемсурет шебері боларына сенім білдірді.
Балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі қызметкерлері сазды сәлемімен түйінделген шарада балаларға тәттілер табысталды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.