Жас басшы – Тәуелсіздіктің төл құрдасы
Еліміздің әрбір табысы — оның жасампаз азаматтарының еңбегінің нәтижесі. Ал Тәуелсіздікпен бірге туған ұрпақ бүгінде елдің дамуына тың серпін әкеліп, жаңа белестерді бағындырып келеді. Солардың қатарында білім саласында іскерлігімен танылып, жаңа бастамаларымен ерекшеленіп жүрген жас басшы — Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің директоры Шаймаш Азамат Айдарұлы.
1991 жылы Тәуелсіздік таңымен бірге дүниеге келген Азамат Айдарұлының өмір жолы жаңа дәуірдің тынысымен біте қайнасқан тағдыр. Өзі бұл туралы: «Тәуелсіздік бізге жай ғана кезең емес — ол біздің мүмкіндігіміз, біздің еркін таңдауымыз. Мен сол еркіндікпен бірге туғаныма мақтанамын», — дейді.
Бала күннен білімге құмар, талапшыл болып өскен ол Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектепте оқып, ұстаздан алған өнегесін өмірлік бағыт-бағдарына айналдырды. Жоғары білімге деген ынтасы оны Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жетеледі. География–экология мамандығы бойынша оқи жүріп, табиғатты тану мен тәрбиелеу ісінің тоғысқан тұстарын терең меңгерді.
Ол таңдаған мамандық – тек ғылым саласы емес, тағылымы мол өмірлік мектеп болды. Ауданға оралған соң Азамат Айдарұлы еңбек жолын “Жерұйық” жас натуралистер станциясында білім беру педагогі ретінде бастады. Тиянақтылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оны көп ұзамай үздік жас мамандардың қатарына қосты. Жауапкершілігімен көзге түскен ол аудандық білім бөлімінде кадр жөніндегі бас маман қызметін атқарды. Бұл кезең оның басқарушылық қабілетін жетілдіріп, үлкен тәжірибе жинақтауына жол ашты.
2019–2023 жылдары тәуелсіздік құрдасы Жамбыл атындағы гимназиясында директордың бейінді ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Мұнда ол оқу үдерісін жаңғыртуға, білім сапасын арттыруға ерекше үлес қосты. Ұжыммен тіл табысуы, жаңалыққа құштарлығы оны көшбасшылар қатарынан көрсетті. Қазіргі таңда ол — аудандағы ең жас мектеп директоры. «Жас болу – тәжірибенің аздығы емес, өзгерістен қорықпау. Жаңалыққа ұмтылу әр басшының өзінен басталады», — дейді ол бізбен әңгімесінде.
Азамат Шаймаш басқарып отырған мектептің білім сапасы жыл сайын артып, аудан бойынша алдыңғы қатарда келеді. “Алтын белгі” үміткерлері өз деңгейінде нәтижелер көрсетіп, 2025 жылғы білім рейтингі бойынша мектеп ауданда екінші орынға көтерілді. Одан бөлек, мектеп ұжымы “Дамушы мектеп” сертификатының иегері.
Мектептегі тағы бір жаңалық, биылғы оқу жылында мектепте арнайы тестілеу орталығы ашылғандығы. Ендігі кезекте аталған мектептің оқушылары ешқайда сабылмай, сынама тестілеуден өте алады. Азамат Айдарұлы үшін ұстаздық — жай жұмыс емес, рухани жауапкершілік. «Әрбір оқушы – өз алдына бір әлем. Ал ұстаз – сол әлемге жол табатын жарық», — деп түсіндіреді ол. Оның пікірінше, мектеп — ел ертеңінің арналары тоғысқан үлкен орта. Сондықтан да директор ретінде ол тек оқу процесінің сапасын емес, баланың тұлғалық қалыптасуын да назардан тыс қалдырмайды.
Тәуелсіздікпен бірге есейген Азамат Айдарұлының басты мақсаты – елге адал қызмет ететін білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал оның еңбегі — ауданның білім саласына қосқан үлесі деп білеміз.
Балнұр Жексенбекқызы.