Азаттық – тарих тұлпарының қос тізгіні
16 желтоқсан – Қазақстан тарихындағы ерекше мәнге ие күн. Бұл дата екі маңызды оқиғаға негізделгенін көмбелі тарихымыздан жақсы білеміз. Елдің жадында мәңгі сақталған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен талай жылғы еркіндік үшін жүрген тоқтаусыз күрестің жемісті нәтижесі болған 1991 жылғы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жариялануы. Осы екі тарихи кезең ұлттың санасының қалыптасуы мен мемлекеттің саяси дамуының өзегіне айналды. Тарих беттерін ақтарсақ, 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында республика басшысы ауыстырылды.
Қоғамда наразылық туғызған шешім жалынды жастардың Алматы қаласының орталығына бейбіт түрде жиналуына сеп болып, әділеттілік пен ұлттық мүддені қозғауға итермеледі. Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының саяси жүйесіндегі қайшылықтарды айқын көрсетіп, ұлттық сана-сезімнің оянуына ықпал етті. “Елім” деген жастар қуғын-сүргінге ұшыраса да олардың ерлігі кейін тәуелсіздікке бастар жолдың алғышарты ретінде бағаланды. Көтеріліске қатысқан жастардың есімдері ел жадында сақталды. Қайрат Рысқұлбеков – ерліктің символы. Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сияқты азаматтар ұлттық рухтың көрінісі болып қалды.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңды қабылдап, өз егемендігін ресми түрде жариялады. Бұл акт мемлекеттің халықаралық аренада дербес субъект ретінде танылуын қамтамасыз етті. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін елде саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда түбегейлі реформалар жүргізілді. Мемлекеттік рәміздер қабылданып, ұлттық валютамыз – теңге енгізілді, басқа да мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнады. «Азат елдің аспаны ашық» демекші, Тәуелсіздік оты елімізде тұтанғаннан кейін БҰҰ-ға мүшелікке қабылдандық, қарулы күштер сайланды, дербес мемлекетке айналып, заңдар жинағы жарық көрді. Бұл күн жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншіліктің, еркіндік пен жауапкершіліктің құндылығын, ұлттық бірліктің маңызын ұғындыруда ерекше рөл атқарады.
Қазақстан бүгінде білім, технология, өнеркәсіп, спорт және мәдениет салаларында дамып келе жатқан мемлекет. Жаңғырған инфрақұрылым, халықаралық серіктестік, жастарға жасалған мүмкіндіктер – тәуелсіздіктің жетістіктері. Тәуелсіздік-елдің ең қастерлі байлығы. Ол өткеннің сабағы, бүгіннің бағдары және болашақтың кепілі. Егемен елдің еңсесі биік! Еліміз әрқашан шынар биікте болсын!
Айжан Оңланбек,
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.