Ақпараттық портал

Қариялар жаңажылдық көңілге бөленді

“Қарты бар елдің – қазынасы бар” деген екен халық даналығында. Жас балаға қажет болғандай, қарияларға да көңіл бөлген абзал. Ақ ниет, ақжарма тілектен басқа еш нәрсені сұрамайтын аға буын смартфон заманында қоғам назарынан тыс қалып кеткендей сезіледі бізге.

Ал, ауданымыздағы «Бастау» мейрамханасында өткен мерекелік шара тағылымға толы болды. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, атпал азамат, мемлекеттік қызмет ардагері Серік Сәрсенбековтың демеушілігімен жүзеге асқан шараға еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, өңірдің қарт тұрғындары шақырылды.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, спорт ардагері Сайфудин Әбдіманапов, Аят Дыбысұлы сынды құрметті азаматтар игі іске куә болды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жайылған ақ дастарханға Қазақбай Байжұманұлы батасын берсе, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар, осы шарада демеушілік танытқан Абылайхан Серікұлы мен Алмас Нағашыбаевқа аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Әлеуметтік қызметкерлер кеш тізгінін ұстап, әндерін шырқап, даяшы да болды. Ал «Би Арт» студиясының мың бұралған балауса бишілері ата-әжелерінің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ «Шу» триосы да кеш қонақтарына тамаша көңіл күй сылап, сазды сәлем жолдады.
Ақ дастарқан басында шат-шадыман күй кешкен қариялар ойындарға белсене қатысып, ауылдың алты ауызын айтты. Кәнігі кәсіби бишілер секілді вальс билеп, бізді таңғалдырды.
Мерекелік шарада сөз алғандардың барлығы қарияларға ізгі тілектерін білдіріп, демеушілік танытқан азаматтарға алғыстарын айтып жатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара биыл екінші мәрте өткізіліп отыр.
-Қарттарға қамқорлық жасау – ортақ борыш. Әсіресе, әлеуметтік көмек алатын кісілердің көңілі біз үшін қымбат. Оларға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Ойымызды қуаттап, қолдаған Серік Жұмалыұлына ерекше рақмет айтамын. 100 қарияға жаңа жылдық себет таратқан Алмас Тұңғышбекұлына ризашылығым шексіз,-дейді аталмыш бөлімнің басшысы Г. Керімбаева.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.