ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ҮРДІС
Шу ауданы, Көктөбе ауылында орналасқан Жамбыл атындағы орта мектепте «Оқушылардың отаншылдық және патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы “Жас ұлан” әскери-патриоттық бірлестігінің рөлі» тақырыбында аудандық семинар жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Маңызды басқосу жас ұрпақтың бойында елжандылық, азаматтық жауапкершілік және ұлттық сана қалыптастыруға бағытталған мазмұнды іс-шаралардың бірі ретінде ерекшеленді.
Семинар барысында патриоттық тәрбиені жүйелі жүзеге асырудың жаңа бағыттары талқыланып, білім беру ұйымдарының әскери-патриоттық бағыттағы жұмыс тәжірибелері кеңінен насихатталды. Аталған іс-шара өскелең ұрпақты елін сүйетін, мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін азамат етіп тәрбиелеудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
Семинардың ең тағылымды әрі тарихи сәттерінің бірі — Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Жамбыл атындағы орта мектеп арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бес жыл мерзімге жасалған бұл келісім мектептегі әскери-патриоттық тәрбие жүйесін одан әрі жетілдіруге, білім алушыларды кәсіби бағдарлауға және әскери салаға бағыттауға тың серпін береді.
Аталған меморандум «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасында көзделген адалдық, әділдік, жауапкершілік, құқықтық сауаттылық секілді негізгі құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіруге бағытталған нақты әрі маңызды қадам ретінде бағаланды.
Семинар аясында «Жас сарбаз» сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Бұл — мемлекет болашағы саналатын жас ұрпаққа артылған үлкен сенім мен жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жаңа кабинет жас сарбаздардың әскери-патриоттық дайындығын күшейтіп, олардың бойында тәртіп, батылдық, елге қызмет ету рухын қалыптастыратын маңызды орталыққа айналмақ.
Ант қабылдау рәсімі жасөспірімдердің Отан алдындағы борышты терең сезінетін, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Аудандық семинарға бірқатар құрметті қонақтар қатысты. Атап айтқанда, мектеп түлегі полковник Мәлік Ноғойбекұлы Ноғайбеков, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери институттың доценті, әскери ғылым магистрі, жұбайы, отставкадағы майор Нұргүл Әділқызы Ноғайбекова (Кенжебекова), аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаев, Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің орынбасары, подполковник Ажихан Сүлейманұлы Абдрашев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нариман Намазбайұлы Бекбауов, сондай-ақ мектеп директорлары мен 36 білім беру ұйымының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері қатысты.
Іс-шара бағдарламасы мазмұнға бай, тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтті. Мектеп фойесінде ұлттық оркестрдің күмбірлеген күйлері орындалып, қонақтарға қазақ халқының бай рухани-мәдени мұрасы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар оқушылардың қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, жас шеберлердің шығармашылық еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Мектеп қабырғасында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылып, «Жас өртсөндірушілер», «Жас эколог», «Жас сарбаздар», «Теңізшілер», «Жас сақшы», «Медицина қызметкерлері» топтарының жұмыстарынан мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор көріністер көрсетілді. Бұл жобалар оқушылардың тек патриоттық емес, әлеуметтік, кәсіби және азаматтық құзыреттіліктерін дамытуға бағытталғаны байқалды.
Мазмұны терең, мағынасы зор бұл семинар — жүрегінде Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі бар, елінің болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам болды. Патриоттық тәрбие — бір реттік іс-шара емес, ол ұрпақ санасына үздіксіз сіңірілетін өмірлік құндылық. Осы тұрғыда «Жас сарбаз» сыныбы мен «Жас ұлан» әскери-патриоттық бірлестігінің жұмысы — болашаққа салынған берік рухани көпір екендігін айтқымыз келеді.
Семинардың жоғары деңгейде өтуіне мектеп басшысы Индира Жақсығұлқызы Диханбаеваның басшылық қабілеті, іскерлігі мен жаңашыл көзқарасы ерекше ықпал етті. Білім беру мен тәрбиені ұштастыра отырып, патриоттық бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып келе жатқан мектеп басшысының еңбегі қонақтар тарапынан жоғары бағаланды. Ұжыммен бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыс — білім ордасының дамуына, оқушылардың жан-жақты қалыптасуына берік негіз қалап отыр.
Семинар қорытындысында қонақтар ұйымдастыру жұмыстары мен мазмұнды бағдарламаларға жоғары баға беріп, алғыс пен ризашылықтарын білдірді.
Патриоттық рухты жас ұрпақ бойына сіңіру — баршамыздың ортақ әрі абыройлы міндетіміз.
Байжан Емберді.