Мұз астында балық бар, байқамасаң қауіп бар
Санаулы күндерден соң 2025 жыл мәресіне жетеді. Әр жылды қорытындылап, алдағы жылға жүйелі жоспарлар құру – әрбір адамның міндеті болса керек. Осы тұста ауданымыздағы облыс бойынша беткеұстар үлкен үш көлдің бірі – «Абылай» шаруа қожалығына тиесілі Тасөткел су қоймасы туралы айтпақпын.
Аталған шаруақожалық балық шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып жүр. Балықтың пайдасы туралы білмейтін адам жоқ шығар?! Су асты өнімінің адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай екендігін де бәріміз жақсы білеміз.
Былтырғы 2024 жылы осы шаруашылық басшылығымен 12 миллион теңгеге сазан шабағы алынып, көлге жіберілді. Көлге жіберілген балықтардың салмағы 600-700 грамнан асты. Биылғы 2025 жылдың қараша айында тағы да 13 миллион теңгеге сазан шабақтары, сондай-ақ көрші елден тәжірибе ретінде сазан, ақ амур және күміс тұқы (толстолобик) өсімтал балық шабақтары алынып, көлге жіберілді. Бұл балықтар біздің өңірдің көліне бейімделіп, өсімтал болса, 2026 жылы осындай балықтардың басын көбейтпекпіз. «Абылай» шаруа қожалығының басшылығы көлдің балығын молайтып, өсіріп-өндіруге ерекше назар аударып, атсалысуда.
Ал, енді Тасөткел су қоймасының балығына келсек, басқа көлдерден қарағанда жеуге дәмді тамақ азығының алды болып есептеледі. Себебі, суы таза, балықтардың табиғи қоректенуіне жағдай жасалған.
Осы тұста да тағы бір маңызды мәселені хабарлағымыз келеді. Қыс айы басталғанына да бір айға жуықтады. Алда қаңтар, ақпан айларында қыс қаһарына мініп, көлге мұз қатса, әуесқой балықшылар қармағын алып, айдын бетіне келері анық. Бірінші байлық – денсаулық екенін ескеріп, сақтық шараларын қолдану аса маңызды екендігін айтқымыз келеді.
Ең алдымен, мұз бетінде абай болып, қармақ салып отырған жерлеріңізді таза ұстаңыздар! Осы мақаланы оқыған әрбір азамат бір-бірлеріңізге, көршілеріңізге көл бетін ластамауын ескертіңіздер! Балық аулап, демалу өте дұрыс, әрине ол жерді таза ұстар болса… «Тазалық тазаланған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген сөзді бәріміз қаперімізден шығармайық!
Мұз бетінде ең бірінші мұздың қалыңдығына мән беріп, міндетті түрде құтқарушы желеті, 10 метр арқан, 4-5 метрлік тақтай ала бару керек. Мұз жастанған көл үстіне кез келген көлікпен шығуға тыйым салынады. Түнге қалғанда күркешедегі газ пештеріңізге мұқият болуларыңызды сұрай отырып, көл бетінде ішімдік ішуге тыйым салынғанын ескертеміз!
Сөз соңында барша қауымға зор денсаулық тілей отыра, Жаңа жылда мол табысқа кенелуіне, әр шаңырақтың дастарханында балық өнімдерінің мол болуына тілектестігімізді білдіреміз!
Қазақбай Байжұманұлы,
«Абылай» шаруа қожалығының
басшысы.