Шаттыққа толы шырша тойы
Табиғаттың тылсымына бойлар болсақ, әр мезгілдің өзінің сыры, сиқыры, ғажайыбы, сұлулығы бар. Бәрінен де балалар асыға күтетін қыс мезгілінің орны бөлек. Аспаннан жауған ақ ұлпа қарға бетін тосып, аққала жасап, шанамен сырғанап, қармен атысып, асыр салып, мәз болысатын да сол біздің көңілдері ақ қардай бүлдіршіндеріміз. Әсіресе, жаңа жылды сарыла күтіп, бір ғажайыптың боларына сеніп, тәтті толы сыйлықтан да үміттенетін балаларымыздың қиялына қанат бітіріп, көптен күткен мерекесін ерекше ету – үлкендерге тиген міндет.
Қазақтың қиял-ғажайып кейіпкерлерінің ішіндегі Жезтырнақ, Толағай, Көлтауысар, Желаяқтардың барына сенетін балалар Аяз ата мен Ақшақардың да барына риясыз сенеді. Қиялға құлаш сермеп, арманның биігіне ұмтылатын балалардың сеніміне селкеу түсіріп, Аяз ата деген кейіпкер біздің қазақылығымызға жат дейтіндер де табылады. Ал, көне тарихқа көз жүгіртсек, Аяз ата мен Ақшақардың өзі біздің халқымыздың қиялынан туған кейіпкерлер екендігіне шүбә келтірмейсіз. Кей сәттерде «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды», «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық» деп табиғатқа жан бітірген дана Абайдың осы бір өлеңінде Аяз ата туралы айтылып тұрғандай сезіледі. Жыл санау бойынша қазақша жаңа жыл наурыз айында келеді десек те жыл он екі айдың хайуанаттары әр жылдың қаңтар айында ауысып отырады.
Санаулы күндерден кейін жылан жылымен қош айтысып, жылқы жылын қарсы аламыз. Жылдағы дәстүрге сай әр жылдың соңына таман балалармен жаңа жылдық шырша мерекесін тойлап, олардың жүзіндегі қуанышты көріп, келер жылға үлкен сеніммен қадам басамыз. Сол ұстанымымыздан жаңылмай, биылғы оқу жылының екінші тоқсанының ақырына таман білім беру ұйымдарында жаңа жылдық шырша мерекелері өтті. Бәрінен де көптің көңілін бұрып, ерекше тосатын аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы да өзінің сән-салтанатымен өтіп, балдырғандарға ерекше әсер сыйлады.
«Құралай» мейрамханасында 130-ға жуық балаға арналып өткізілген аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің «Ғажайыпқа толы жаңа жыл!» атты жаңа жылдық шырша мерекесіне аз қамтылған, көпбалалы отбасыларынан шыққан, әрі қамқоршылықтағы 9-13 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Бұл мерекеге аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тынышхан Әрістеев, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина және ауданда орын тепкен білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
Ғажайыпқа толы жаңа жыл мерекесі ұлттық нақышымызға икемделіп, өскелең ұрпақты зұлымдыққа қарсы тұруға, адал азамат болуға, жақсы мен жаманның парқын айыруға, табиғат ананы аялауға, ұлттар достығын сақтауға тәрбиеледі. Зұлымдық кейіпкері балалардың жаңа жылдық шыршасының өтуіне кедергі келтіріп, жарықтарды өшіруге талпынып, берілетін сыйлықтардың жолын бөгеп, барынша залымдығын жасап бақты. Қашанда әлемді мейірімділік құтқаратынын ұғындырған мерекелік кеште Әлем ханшайымы, Су, Аспан, Жер, От, Достық, Бірлік, Сайқымазақ сынды кейіпкерлер Зұлымдық кейіпкеріне қарсы шығып, әділдіктің орнауына атсалысты.
Театрландырылған қойылымдардың арасында өнер көрсеткен биші өрендеріміз әр ұлттың биін билеу арқылы көпұлтты мемлекетіміздегі ұлттар достығын насихаттады. Ұлттық құндылығымызды насихаттай отыра бүгінгі күні балалардың арасында кеңінен танылған түрлі персонаждар да ортаға шығып, кішкентай бүлдіршіндердің көңілін көтеруге атсалысты. Әсіресе, биылғы жылы көп балалардың жүрегін жаулаған Куроми кейіпкері де бүлдіршіндердің көңілдерін көтеріп, заманауи билерді билетті.
Аяз ата мен Ақшақар да өзіне жүктелген міндетті орындап, Аяз ата сиқырлы таяғымен жасыл шыршаның шамдарын жарқыратса, Ақшақар Аяз атаның дорбасындағы сыйлықтарды үлестірді.
Естен кетпес жаңа жылдық шырша мерекесінде аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы балаларға жылы лебізін айтып, сағына, сарыла күткен мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, Шу ауданының жаңа жылдық шыршасына қатысып отырған балақайларға тәтті толы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттарын табыстады. Бұған қоса, жаңа жыл мерекесіне ерекше ықыласпен дайындалып келген балаларға «Ең үздік жаңа жылдық кастюм» аталымы бойынша бағалы сыйлық табыстады. Жүзі жылы әкімді көрген балалар жанына алма-кезек аяңдап, естелікке суретке де түсіп жатты. Өз кезегінде білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы балаларды шаттық мерекесімен шынайы пейілімен құттықтап, ата-аналарға алғысын жаудырып, мектептерден келген жетекшілерге балалардың үйге аман жетуін назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Жаңа жылдың тосын сыйлары мұнымен біткен жоқ. Дастархан басына жиналған балалар түрлі тәттілерден ауыз тиіп, алдарына қойылған ыстық тамақтан да дәм татты. Тәтті үміттің жетегіне ергіш келетін балдәурен шақтың балғындары жүзіне күлкі үйіріліп, қос езуі кемпірқосақтай керіліп үйлеріне тарқасты.
Айғаным Асқарбек.