Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер
Ауданда қолынан өнер тамған, ұлттық құндылықты заманауи үрдіспен ұштастырып жүрген шеберлер аз емес. Қуантатыны, сол қатардың жыл өткен сайын жастармен толығып келе жатқаны. Осындай ізденімпаз, талантымен танылып жүрген жас шеберлердің бірі – Шу қаласының тұрғыны, тігін өнерінің майталманы Айдана Үстемирова.
Айдана 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кейін ата-анасының шешімімен Шу ауданына қоныс аударып, осы өңірді өзінің алтын ұясына айналдырды. 2001 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2012 жылы білім ордасын үздік аяқтады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ оның сурет салуға, киім үлгілерін ойластырып, эскиз жасауға, қолөнер бұйымдарын дайындауға деген қызығушылығы ерекше болды. Қарапайым қағаз бен қарындаштан басталған арман уақыт өте нақты мақсатқа айналды.
Арманын біліммен ұштастырған Айдана Алматы технологиялық университетіне оқуға түсіп, тігін ісінің қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгерді. Оқуды тәмамдаған соң бірнеше тігін цехында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Әрбір тіккен бұйымынан шеберлікпен қатар, талғам мен жауапкершілікті биік қоя білді. Жинаған тәжірибе мен ішкі сенім оны өз кәсібін ашуға жетеледі. Сөйтіп, Шу қаласынан жеке тігін шеберханасының есігін айқара ашты. Бүгінде жеке кәсібінің жұмыс істеп келе жатқанына да алты жыл толып отыр.
Айдананың еңбегі елеусіз қалған емес. Ол облыстық сән өнері байқауларында бірнеше рет бас жүлде мен бірінші орындарды иеленіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, аудандық және облыстық деңгейде өтетін қолөнершілер көрмелеріне тұрақты түрде шақырту алып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып келеді.
Шебердің басты ерекшелігі – ұлттық нақышқа деген шексіз сүйіспеншілігі. Айдананың, әсіресе қазақы ұлттық киімдер тігуді жаны сүйеді. Оның шеберханасынан заманауи үлгіде тігілген қамзолдар, көйлектер, шапандар, ұлттық өрнекпен әшекейленген сәнді бұйымдарды көптеп кездестіруге болады. Бұдан бөлек, бас киімдер, ұлттық нақыштағы көрпешелер, сөмкелер, тіпті балаларға арналған ойыншықтар да көздің жауын алады. Әрбір бұйымынан қазақы болмыстың иісі аңқып тұрады, осыдан-ақ шебердің жан дүниесін айқын сезінуге болады.
Айдана үшін тігін – жай ғана кәсіп емес, ол – жүрек қалауы, ұлттық рухты жеткізудің бір жолы. Бұл туралы ол өз ойын былайша жеткізеді:
– Мен үшін ұлттық киім – тарих пен тағылымның, ата-бабамыздан қалған аманаттың көрінісі. Әр оюдың, әр түстің өз мағынасы бар. Сол мағынаны жоғалтпай, бүгінгі заманға сай етіп жеткізу – менің басты мақсатым. Қазіргі жастар ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де киюге болатынын түсінсе екен деймін. Ұлттық киім киген адам өзін өзгеше сезінеді, бойында бір сенімділік, рух пайда болады, – дейді шебер.
Айдана қолынан келгенін, осы күнге дейін жинаған тәжірибесін өзгелерге үйретуге бел буып, шәкірт тәрбиелеу жолында да еңбек етіп келеді. Бұл бағытта ол Төле би ауылындағы Балалар-жасөспірімдер орталығында «Киімді үлгілеу және құрастыру» үйірмесінің жетекшісі ретінде жұмыс жасауда. Мұнда ол мектеп жасындағы қыз балаларға тігін өнерінің қыр-сырын үйретіп, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігін оятуды басты мақсат етеді. Шәкірттерінің бойындағы шығармашылық қабілетті ашып, өз идеяларын еркін жүзеге асыруына жол көрсетіп келеді.
– Қыз баланың бойындағы нәзіктік, әдемілік, сабыр – бәрі қолөнер арқылы көрініс табады деп ойлаймын. Қыздарымды тек тігуге ғана емес, ойлануға, ізденуге, өз қолымен жасаған дүниесіне жауапкершілікпен қарауға үйретемін. Ертең осы балалардың арасынан өз ісінің шебері шығып жатса, одан асқан бақыт жоқ, – дейді кейіпкеріміз.
Өнер мен еңбекті қатар алып жүрген жас шебердің бүгінгі жетістігі – тынымсыз еңбектің, талғам мен табандылықтың жемісі. Ұлттық өнерді жаңғыртып, оны жас ұрпаққа насихаттап жүрген Айдана сынды жандар барда қазақ қолөнерінің көкжиегі кеңейе берері анық.
Балнұр Жексенбекқызы.