Ашық диалог – әділетті Қазақстанның бейнесі
Қазіргі қоғамда жастардың пікірін тыңдау, олардың ойы мен ұсыныстарын ескеру – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Шу Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде ҚР Парламентінің реформалау мәселелерін жастар арасында талқылау мақсатында аудандық мәслихат депутаты Сұлтанғазиев Мақсат Лесханұлымен ашық форматтағы кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚР Парламентін реформалау үдерісі, заң шығару жүйесіндегі өзгерістер және олардың ел дамуына тигізетін әсері туралы кеңінен айтылды. Халық қалаулысы оқушыларға Парламенттің құрылымы, оның негізгі қызметі және жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен маңызын қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндірді.
Шара барысында оқушылар белсенділік танытып, саяси реформалар, жастардың қоғамдағы рөлі, азаматтық жауапкершілік және болашаққа қатысты сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен пікір алмасу жастардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген қызығушылығын арттырып, олардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, депутат жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып, әрбір жас азаматтың қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, өз пікірін ашық білдіруі маңызды екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен қолдау шаралары туралы да мәлімет берілді.
Кездесу соңында оқушылар депутатқа өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді. Жастар тарапынан айтылған пікірлер мен бастамалар назарға алынып, алдағы уақытта осындай кездесулердің маңыздылығы атап өтілді. Депутат жастармен тұрақты түрде байланыс орнату – қоғам дамуының маңызды тетігі екенін жеткізді.
Мұндай ашық кездесулер жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, өз ойын ашық жеткізуге және жауапкершілікті сезінуге үйретеді. Сонымен қатар, бұл формат жас буынның мемлекет пен қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Жалпы, мектеп оқушыларымен өткен ашық диалог жастар үшін тағылымды тәжірибе болып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.
Назерке Қораласбай,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің аға тәлімгері.