Білім саласының ардагеріне құрмет көрсетілді
Жуырда Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектептің акт залында Қаз.КСР халыққа білім беру министрінің Құрмет грамотасының, «Еңбек ардагері» медалінің, «Аға мұғалім» атағының иегері, көпке үлгілі ардагер ұстаз Тұрар Қарабайқызының 85 жасқа толуына орай, «Ұстаз, еңбегіңізге рахмет!» атты тәрбиелік мәні зор кездесу өтті.
Аталған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрайымы Айжан Тастанова, мүшесі Хожакпар Нургалиев, ауыл әкімі Болат Ошанов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Жұмахан Чекаев, ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы Раушан Читабаева, сондай-ақ, мектеп әкімшілігі және мұғалімдер қатысты.
Өз кезегінде Найман Кенжеханұлы қазыналы ардагердің, үлгілі ұстаздың мерейлі мерекесіне орай Тұрар Қарабайқызына «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, өзінің жылы лебізін білдірді. Ауыл әкімі Болат Жақсылықұлы да сөз сөйлеп, мерейтой иесінің басына орамал жауып, үстіне камзол кигізді.
Келесі сөз кезегін алған мектептің бастауыш ардагерлер кеңесінің жетекшісі, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалінің, «Білім беру саласының Құрметті педагогі» төсбелгісінің иегері, осы жолдардың авторы Тұрар апамыздың өмірбаянын, өнегелі өмір жолы мен бай тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етті.
Мерекелік шарада оқушылар ән айтып, би билеп, кештің жоғары деңгейде өтуіне себепкер болып жатты. Келген қонақтар қуаныш иесіне гүл шоқтарын, құттықтау хаттарын, т.б. сый-сияпаттарын көрсетті.
Шын мәнінде, Тұрар апамыз бұл құрметке лайықты жан. Үлкен өмір жолынан өтті. Ұстаздық жолда ұлағатын көрсетті, жүздеген шәкірт тәрбиеледі, ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
Сөз соңында қонақтар мерейлі жасқа келген Тұрар апамыздың ағартушылық еңбегін бағалаған аудан басшылығына, мектеп әкімшілігіне, мектептегі бастауыш ардагерлер кеңесіне ризашылығын білдірді.
Ә.Тоқтыбеков,
ардагер ұстаз.
Далақайнар ауылы.