Қыз тәрбиесі – ұлт болмысының өзегі
Қазіргі жаһандану дәуірінде қыз бала тәрбиесі – қоғам алдындағы ең жауапты, ең нәзік әрі ең стратегиялық міндеттердің бірі. Себебі қыз тәрбиесі – бір отбасының емес, бір ұлттың болашағын қалыптастыру. Ана тәрбиелі болса – ұрпақ саналы, қоғам салиқалы болады. Сондықтан әр мемлекеттің рухани деңгейі, мәдени тереңдігі мен адамгершілік келбеті ең әуелі қыз баланың бойына сіңірілген тәлім-тәрбие арқылы өлшенеді.
Қазақ халқы «қыз» ұғымын ешқашан тек жыныстық белгі ретінде қарастырмаған. Қыз – әдептің айнасы, ибалылықтың өлшемі, сұлулық пен сымбаттың, парасат пен пайымның символы. «Қыз өссе – елдің көркі» деп бағалаған халқымыз қыз баланың жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, ішкі мәдениетіне айрықша мән берген. Себебі бүгінгі қыз – ертеңгі ана, шаңырақтың ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің алтын арқауы.
Осы ұстанымды негізге ала отырып, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде педагог ұйымдастырушы, осы жолдар авторы қыз бала тәрбиесіне арналған тағылымы терең іс-шара ұйымдастырды. Мектептің педагог-ұйымдастырушысы, «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісінің ұйымдастыруымен клубтың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес 9–11 сынып оқушы қыздары арасында «Болашақ ана бейнесі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараның басты мақсаты – қыз баланың бойына ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің мәнін сіңіре отырып, оның болашақтағы аналық миссиясын терең ұғындыру. Қыздың тек білімді ғана емес, ибалы, сыпайы, инабатты, мейірімді, төзімді әрі шыншыл болып қалыптасуы – қоғамның рухани саулығының кепілі екені кеңінен сөз болды. «Ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі болу – ең алдымен рухани дайындықтан басталады» деген ой тәрбиелік өзекке айналды.
Дөңгелек үстелге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Дигарбекова, мектеп мейірбикесі А.Узбанова, мектеп психологы Д.Усембаева және ата-аналар қауымы қатысып, әрқайсысы өз саласы бойынша құнды пікірлерімен бөлісті. Денсаулық, психологиялық тұрақтылық, отбасылық жауапкершілік, өзін-өзі құрметтеу мен болашаққа дұрыс бағдар мәселелері кеңінен қозғалды. Шара барысында оқушы қыздармен ашық әңгіме жүргізіліп, ой қозғайтын сұрақ-жауаптар ұйымдастырылды. Өмірлік тәжірибеге негізделген кеңестер айтылып, қыз бала тәрбиесіне қатысты мазмұнды бейнероликтер көрсетілді. Бұл кездесулер жасөспірім қыздардың өз болмысына сын көзбен қарауына, болашақтағы өмірлік рөлін саналы түрде пайымдауына мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, мұндай тағылымды шаралар – формалды тәрбие емес, ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыратын маңызды қадам. Қыз тәрбиесіне бүгін салғырт қарасақ, ертең қоғамда орны толмас олқылықтар туындайды. Ал тәрбиелі, парасатты, ұлттық құндылықты бойына сіңірген қыз – ертеңгі адал ана, саналы ұрпақтың ұстазы, берекелі елдің тірегі болары сөзсіз.
Ұлттың болашағы – ұрпақта, ал ұрпақтың болашағы – қыз тәрбиесінде. Осыны терең ұғынған әрбір ұстаздың, әрбір ата-ананың еңбегі – ел ертеңіне салынған үлкен мұра болмақ!
Г.Байбуриева,
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің педагог ұйымдастырушысы.
Шу қаласы.