Ақпараттық портал

Жетпістің желкенін керген ұлағатты ұстаз

Әйел затына, аналар қауымына қарата ән-жыр, өлең-дастан жазбаған ақын кемде-кем шығар?! Сезім пернесін дөп басатын поэзиясымен адам жанын аялай білген Мұқағали Мақатаев «Екі жыр жазсам саған бірін арнап, «Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына» десе, қазақ қызының, қазақ әйелінің мұң-шерді арқалай жүріп, талай тауқыметті татып, кезіккен дауылға да қайыспайтынын кестелі жырларымен өре білген Қадыр Мырза Әлі «Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды. Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды» деп қаламының ұшындағы қара сияны алғаш ана туралы толғанысымен ақ параққа төккен. Шығармашылық шабытына мінген әрбір жан ән-жырына неге бірінші ананы арқау етеді деген сұрақ туындаса, ақ жауындай жырларымен көкті күңіренте, жерді тебіренте білген Төлеген Айбергенов «Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» деп Тәңірден кейінгі киемізге баланар теңдессіз жандарды тауып айтқан теңеулі сөзімен сипаттаған. Міне, ананың құдіреті…

Ана деген ардақты есімді арқалап жүрген әрбір жанның өмір өткелдерінде өнегесі мол болып, өсиетін өскелең ұрпаққа дарыта білсе, әманда ұлттың ұйытқысы, елдің анасы атанады. Кешегі бар қазаққа пана болған, бүтіндей бір рудың түтінін түтете білген дана аналарымыздың өзіндей болмаса да, тамшыдай қасиетін бойына сіңіріп жүрген ақ жаулықты аналарымыз жетерлік. Үлкендердің алдын кесе көлденең өтпей, ағайын-туыстың арасындағы сыйластықты сетінетпей, үш тағандағы отын өшірмей, қазанын оттан түсірмей, түндігін түріп, дастарханын жайнатып, ұрпағын өрбітіп, ерін сыйлап, өзінің мойнына артқан жүкті қайыспай көтере білетін аналарымыз қашан да құрметке лайық. Тек отбасылық өмірдің күйбең тіршілігінде емес, қоғам қызметінде де дамыл таппай еңбек етіп, зейнет жасқа абыроймен жеткен аналарымыздың да өмірі өнеге. Қазақ әйеліне тән жар құшу, перзент сүю міндеттерін орындай жүріп, өз баласымен қатар ел баласын жүрегіне сыйдырып, ағартушылық міндет пен тәлім-тәрбие ісінде де өз өрнегін сала білген өнегелі жандарды дәріптеу жарасымды жалғасын таба берсе, ұлттың ұлылығын сақтайтын қаракөздеріміз үлгі алып, бой түзей берері сөзсіз.
Міне, сондай жандардың бірі, өзі өмірге әкелген бес перзентіне ғана ана емес, бел жазбай білім саласында қызмет еткен жарты ғасырға жуық ұстаздық жолында бірнеше буынға екінші анасы бола білген Жаңылова Мейраш Тұңғышханқызы. “Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер” деген Әйтеке бидің даналық сөзі бар. Дәл осы сөздің үдесінен шыққан жандарды көргенде аталы сөз өмірде өз орнын тауыпты ғой деп таңдай қағасың. Осындайда өмір жолында еңбегімен еленіп, өмірге әкелген перзентімен бақытқа кенеліп, абыройға бөленіп отырған Мейраш анамыз жемісі мол жетпістің желкенін керіп отыр.
Әр азаматтың өмір жолы мен еңбек жолы болады. Бірі өмір жолында, бірі еңбек жолында биікке шықса, тағы бірі екі жолдың да таразысын тең ұстап, отбасылық құндылықтың бағасын арттырып, мемлекетке адал қызметтің үлгісін танытады. Міне, Мейраш Тұңғышханқызы да әйел затына лайық бар қызметтің жүгін арқалап, Отанға да, отбасыға да саналы ғұмырын арнаған жан.
Сонау 1956 жылы алақандай ғана Сауытбек деген ауылда дүниеге келіп, қазақи ортаның тәрбиесін бойына сіңіріп, халық ауыз әдебиетінің жауһарларына сусындап өскен Мейраш Тұңғышқанқызы бала күнінен шығармашылыққа бейім болып өседі. Мектеп қабырғасында жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүреді. Өзінің туып-өскен ауылы әнші-күйші, ақын-сазгер, жыршы-термешілерден кенде емес. Әкесі Тұңғышхан тарих пәні мұғалімі болғандықтан қызына жастайынан Шу өңірінің арғы-бергі тарихын айтып, өз дәуірінде аты танылған дүлдүлдердің өлең-жырларына қанық қылып өсіреді. Ал, анасы Айымкүл әрқашан ерінің қабағын бағып, өмірге он бала әкеліп, «Батыр ана» атанған алтын құрсақты жан. Өз өлкесінің тарихына қанық болып өсуге әкесі Тұңғышхан еңбек сіңірсе, анасы қызының бойына қазақи тәлім-тәрбиені дарыта білген.
Арманы асқақ, қиялы жүйрік Мейраш сол тұста көбінің қолы жете бермейтін Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң туған жерге қайта оралып, 1973 жылы Амангелді атындағы орта мектебінде еңбек жолын бастайды. Өзі білімді, өзі биязы бойжеткенге іргелес жатқан Абай ауылының Сәбит атты жігітінің көзі түсіп, екеуі 1975 жылы отауын тіктейді. Келін болып түскен жылдан бастап Абай атындағы орта мектебінде 1988 жылға дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болады. Бұдан былай қарай, яғни 1988-89 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1991-1998 жылдары мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Білім саласында аянбай еткен еңбегі елеусіз қалмай, 1997 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін өңіріне тағады. Бұдан бөлек, ҚР Білім министрлігінің Алғыс хатымен, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, бірнеше рет облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ол өзінің өмір жолында Ашаның алты салының бірі Сауытбек ақынды, жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақты, от ауызды, орақ тілді Бармақ ақын мен білім саласында өзіндік қолтаңба қалдырған ұстазы Қазақбаев Дотаның есімдерін ерекше құрмет тұтып, өскелең ұрпақтың жадына тоқудан жалыққан емес. Өмірге алып келген бес перзентінен сүйген немерелеріне де ақылы ағын судай арқыраған ақ пейілді асыл әже осындай тау тұлғалы азаматтарды үлгі етуден жалыққан емес. Өзінің ізін басқан Жазира, Гүлмира, Эльвира, Индира Райымбековалар ана жолын жалғап, мұғалімдік қызметтің үдесінен шығып жүр. Ал, бір түйір ұлы Мұрат туған жерге туын тігіп, ауылдық округтің әкімдігінде елге қызмет етіп жүр.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, санасы әлі де сергек, шама-шарқынша қоғам тәрбиесіне ел анасы ретінде үлес қосып жүрген Мейраш Тұңғышханқызы Абай ауылының аналар алқасының төрайымы ретінде де қоғам өміріне белсене араласып жүр. Ол әрқашанда ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің мән-мағынасын тереңінен түсіндіруден әсте жалыққан емес. Жетпістің желкеніне шыққан жайдары жанның бар тілегі – болашақ ұрпақтың патриоттық рухының биік болуы. Әлі күнге дейін қоғамнан қалыс қалмай, тәлім-тәрбиесін жастарға арнаудан тартынған емес. Еліміздің әр түкпірінде абыройдың биігінен көрініп жүрген шәкірттерімен мақтанып, мәртебесі асып-тасып жүрген ұстаздың ұлтқа берері таусылмасын!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.