Аналар құрмет құшағында
Мемлекет басшысы «Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, қоғамның да жағдайы дұрыс болады», – деген болатын.
8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қабылдады. Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиында аудан басшысы ерекше балалары бар аналарға ақжарма тілегін жеткізіп, олардың өмірлік қиындықтарға мойымай, перзентінің болашағы үшін күн сайын күресіп жүрген жігерлерін жоғары бағалады.
-Мемлекетіміздің әр азаматының құқығы Ата заң аясында қорғалған. Оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін жандар оның ішінде 18 жасқа дейінгі балаларға көмекке кепілдік берілген. Барлық салмақ пен ауыртпалық әуелі аналарға түсетіндіктен біз барынша сіздерді тыңдап, қажетті жәрдемді көрсетуге әзірміз.
Сіздер тағдырға жазылған сынақтарға төтеп беріп, үміт сәулесін сөндірмей жүрген батыр жандарсыздар. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Әрі қастерлеп құрметтейміз. Осы мақсатта бүгінгі жиынға шақырып отырмыз. Баршаңызға зор денсаулық, таусылмас береке мен отбасыларыңыздың амандығын тілеймін! Қайраткерлік жолдағы күш-қуаттарыңыз сарқылмасын,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Ізгі лебіздер соңында марапаттау рәсімі өтіп, батыр аналарға естелік сыйлықтар тапсырылды. Құрмет пен қошемет құшағына бөленген аналар арнайы ықылас білдірген аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әрбір мереке қарсаңында ата-аналар мен балаларды қуантудан жалыққан емес. Азғантай көңілдің өзі құлазыған жүректерді жылытуға қауқарлы екеніне куә болдық.
Сәбиін тоғыз ай көтеріп, толғатып өмірге әкелген әрбір ананы батыр дейміз. Ал ерекше балаға жарық дүние сыйлап, оның күтіміне алтын уақытын жұмсаған, өзін құрбан еткен әрбір ана қаһарман екені анық.
Байжан Емберді.