Ақпараттық портал

Ерекше сезімге бөлеген кездесу

Халқымыз қашанда қыз баланы ерекше құрметтеп, төрден орын беріп, нәзік болмыстың иелерін бар пейілімен сыйлай білген. Әр отбасында да ең алдымен қыз баланың оқуына, жан-жақты болуына, оған қажетті дүниелердің барлығын алып беруге тырысады. Оқу-ағарту ісіне айрықша көңіл бөлген кешегі Алаш зиялыларының өзі де қазақ қыздары­ның кеш оқуы сынды мәселелерді көтеріп, қараңғылық түнегінен жарық сәулелі өмірге шығып, еуропалық мәдениетті игеруіне үлкен үлес қосқан.

Бүгінгі күні де сол арқау үзілмек емес. Соның жарқын дәлелі, Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев мерейлі мереке қарсаңында нәзік жанды аруларымызға лайықты құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын үлестіріп, көңілдерін бір серпілту үшін кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – бөлім басшысының білім саласындағы қым-қуыт тірлікте уақыт тауып, «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер ұл-қыздармен кездесу өткізіп, әсіресе қыздарға ерекше құрмет көрсету болды.
Кездесу барысында «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлерге қойылатын талаптарды кеңінен түсіндірген Жайдар Саттарқұлұлы әр оқушының болашақта қандай мамандық иесі болғысы келетінін, өмір жолында кімді үлгі тұтатынын сұрап, өзінің өмірлік іс-тәжірибесімен бөлісті.
– Қазақ тарихында ұлт рухын асқақтатқан қайсар да білімді қыздар аз болмаған. Мәселен, қазақтың тұңғыш ағартушы қызы, қоғам қайраткері Назипа Құлжанова елдің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер әйел – Аққағаз Досжанова халқына қалтқысыз қызмет етіп, білім мен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Ал сахна өнерінде қазақтың тұңғыш актрисасы атанған Әмина Өмірзақова ұлттық өнердің өркендеуіне жол ашты. Күй өнерінде есімі алтын әріппен жазылған тұңғыш кәсіби әйел күйшілердің бірі – Дина Нұрпейісова домбыраның үнін әлемге танытты. Осындай дара тұлғалардың ізін жалғап, білім мен еңбекті ту еткен, ғылым мен өнерде, медицина мен менеджментте биік белестерді бағындыратын азамат болатындарыңызға сенемін, – деді өз сөзінде Жайдар Жазықбаев.
Өзінің құттықтау лебізінен кейін залда отырған оқушы қыздар мен олардың мұғалімдеріне гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыстады.
Елдің өркендеуі, мемлекеттің алға жылжуы, ұлттың дамудың даңғыл жолына түсуі, ең алдымен, білім мен ғылымға көңіл бөлу арқылы жүзеге аспақ. Соңғы жылдары білімге айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қомақты инвестиция тартылуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деп атап өткен болатын. Осы тұста ауданның бас ұстазының білімге құштар балғындарды басынан сипауы – болашақты бағамдауы деп білеміз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.