Ақпараттық портал

Сымбат пен сана, өнер мен өнеге тоғысқан байқау

Көктемнің көркі мен әйел затының нәзік болмысын ұштастырған, сұлулық пен парасатты, өнер мен ұлттық болмысты қатар дәріптейтін тағылымды кеш тағы бір мәрте салтанат құрды. Аудан өміріндегі мәні мен маңызы зор мәдени шаралардың біріне айналған аудандық «Шу аруы» байқауы биыл «Шу аруы – 2026» атауымен көрермен көңілін тербеп, жүрекке жылы әсер сыйлаған айрықша мерекеге ұласты. Аталған байқау жыл сайын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп, көктемнің ең көркем мерекесі – әйелдер қауымының төл мейрамы қарсаңында дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.

Бұл байқау сұлулықтан бөлек қазақ қызының болмысын, тәрбиесін, жан дүниесін, рухани әлемін танытатын мәнді шара екенін ерекше атап өткіміз келеді. Жыл өткен сайын байқауға деген қызығушылықтың артып, қатысушы қыздардың саны ғана емес, сапасының да өсуі бүгінгі жастардың талғамы биіктеп, танымы тереңдеп келе жатқанын аңғартады. Бйқауға ауданның әр ауылынан іріктеліп келген 14 ару қатысты. Әрқайсысы өз ортасының үмітін арқалап, сахна төріне тек көркімен емес, ақылы мен парасатымен, өнері мен өрелі ойымен шығуға ұмтылды. Байқаудың басты мақсаты – қыз баланы көркем мінезге, инабат пен ізгілікке баулу, ұлттық салт-дәстүрге құрмет сезімін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ болашақ ана, болашақ қоғам тірегі болар қыздардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру болды.
Сайыстың әділ өтуі үшін қазылар алқасы да тиянақты таңдалды. Олардың қатарында болған аудандық аналар алқасының төрайымы Иманова Айжан Болатқызы, осы жолдардың авторы, мәслихат депутаты әрі «Сауда сервис» ЖШС-нің бас инженері Нұржан Қалмаханұлы, Оқушылар сарайының хореографы Айгүл Альмахашова және аудандық мәдениет үйінің әншісі Мейіржан Базаралы қатысушылардың өнері мен біліміне әділ бағасын берді.
Сайыс барысында сөз алған Айжан Болатқызы бұл байқаудың маңызына кеңінен тоқталып, қыз баланың қоғамдағы орны, тәрбиесі мен болмысы туралы терең ойымен бөлісті.
– Қыз бала – ұлттың ұяты, ұрпақтың ұйытқысы. Бүгінгі қыздың тәрбиесі – ертеңгі елдің келбеті. Себебі әрбір қыз болашақ ана, бір әулеттің, бір шаңырақтың берекесі. Қыз бойында көрік пен сымбат қана емес, ең алдымен парасат пен пайым, инабат пен ибалық, сабыр мен салмақ болуға тиіс. Қазақта “Қызға қырық үйден тыйым” деп бекер айтылмаған. Бұл тыйым шектеу емес, керісінше, қыз баланы ардақтау, оның болашағын қорғау. Бұл сахнаға шыққан әрбір ару тек өз атынан ғана емес, артында тұрған ата-анасының, туған ауылының, тұтас бір елдің үмітін арқалап шықты. Сондықтан бұл жерде жеңіс пен жеңіліс деген ұғымнан бұрын, үлкен өмірге жасалған қадам, өз-өзіңді тану, бойыңдағы қабілетті ашу маңызды. Өнеріңмен, біліміңмен, мінезіңмен көріне білу — нағыз жеңіс осы. Қыз баланың шынайы сұлулығы оның әдебінде. Сөйлеген сөзінде салмақ, жүріс-тұрысында жинақылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет болса ол нағыз ару. Біз бүгін осы сахнадан тек әдемі бейнелерді ғана емес, келер күні елдің ертеңіне үлес қоса алатын, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын болашақ аналарды көріп отырмыз. Қыздарым, өмір жолдарың ашық болсын! Ар-намыстарың биік, мақсаттарың айқын болсын. Қай жерде жүрсеңдер де қазақ қызына тән ибалылық пен парасатты серік етіңдер. Білім алудан, ізденуден, армандаудан жалықпаңдар. Бүгінгі сахна сендер үшін үлкен өмірдің бір баспалдағы. Әрқашан өздеріңе сеніп, биік белестерді бағындыра беріңдер. Сәттілік серік, бақтарың баянды болсын! -деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Айжан Болатқызының бұл тағылымды сөзі залдағы көрерменге де, сахнадағы аруларға да терең әсер қалдырып, байқаудың тәрбиелік маңызын айқындай түсті.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы бөлімде арулар өзін таныстырып, өмірлік ұстанымын, ішкі жан дүниесін аша білді. Бұл кезеңде қатысушылардың сөйлеу мәдениеті, сахнада өзін ұстауы, ойды көркем жеткізе білуі назарға алынды. Ал «Сымбатқа парасат сай келсе» атты танымдық кезеңде қыздар қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық танымына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білім-білігін сынға салды. Мұнда жылдамдық пен дәлдік, терең ой мен ұлттық сана қатар бағаланды. Кештің ең әсерлі тұсы «Мәдениетім – мәртебем, өнерім – өрісім» атты өнер сайысы болды. Бұл кезеңде арулар мүлде басқа қырынан көрініп, сахнаны нағыз өнер ордасына айналдырды. Бірі ұлттық және шығыс билерінде мың бұралып, көрерменді тәнті етсе, енді бірі нәзік те сырлы әндерімен жүрек қылын шертті. Күйдің күмбірімен көрерменді қиял әлеміне жетелегендер де, рухты әндермен елдік пен ерлікті дәріптегендер де болды. Кейбір арулар соғыс жылдарындағы батыр қыздардың бейнесін сомдап, жүректі елжіретер монологтар оқыса, енді бірі қарт ананың жан дүниесін, ұлына деген сағынышын шынайы жеткізе білді. Әсіресе, таныстыру кезеңіндегі креативті шешімдер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Дәстүрлі өлеңдетіп таныстырудан гөрі, көрініс арқылы образ ашқан қатысушылар байқауға тың серпін әкелді. Бірі Томирис патшайымның айбынды бейнесін сахнада тірілтсе, бірі қазақ қызына тән нәзіктік пен ибалылықты терең сезіммен көрсетті. Қазақы нақыштағы әсем киімдер, ұлттық өрнекпен көмкерілген сахналық образдар байқаудың мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Сайыс нәтижесінде бас жүлде Бірлікүстем ауылының аруы Нұрлыгүл Сейсеханға бұйырды. Бірінші орынды Балуан Шолақ ауылының намысын қорғаған Аружан Кендебай иеленсе, екінші орын Төле би ауылының бұрымдысы Даяна Берікке бұйырды. Үшінші орынға төлебилік Жанбота Құрманбек пен Бірлік ауылының қызы Аружан Амангелді лайық деп танылды. Барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіліп, еңбектері мен талпыныстары жоғары бағаланды.
Ұлттық құндылықты ұлықтап, қазақ қызының асқақ бейнесін дәріптеген бұл байқау сұлулықтың сыртқы көрініспен ғана емес, ішкі жан дүниемен, білім мен тәрбиемен өлшенетінін тағы бір мәрте дәлелдеп, көпшіліктің жүрегінде жылы әсер қалдырды.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.