«Ана – өмір шуағы» ертеңгілігі өтті
«Айгүлім-ай» балабақшасының ересектер тобында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті.
Көктемнің алғашқы шуақты күндерімен бірге келген бұл мейрам аналар мен әжелерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шараны жүргізген Айнұр Спартакқызы топтың әнші қызы Бейқұт Сезім Бернарқызын «Әжетайым» әнімен ортаға шақырып, әннің ортасында апасы, осы жолдардың авторы немересі мен апасы көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында бүлдіршіндер аналарға арнап жүрекжарды тақпақтарын айтып, әсерлі әндер орындады. Әсіресе, балалардың «Анашым» әнін қосыла шырқауы ата-аналардың көңілін толқытып, ризашылық сезімге бөледі. Қыздардың «Үнді» биі нәзіктік пен әсемдікті паш етсе, ұл балалардың аналарға арналған «Флешмоб» биі және «Сен керексің» әніне пародия жасаған Ескендір Абсат пен Кәусар Аязбайдың өнері көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Ойындар ұйымдастырылып, аналар мен балалар бірге қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізді.
Шара соңында балабақша меңгерушісі Зумрат Магаметахунова, топ тәрбиешісі Марал Жанарбекқызы – Әйелдер мерекесіне орай балабақшада тәрбиеленуші қыздарға мадақтама табыстаса, аналарын балабақшаның қоғамдық жұмысына белсене араласып, тәртіпті бала тәрбиелегені үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Соңында бүлдіршіндер аналармен суретке түсіп, балабақша әдіскері Жібек Маратқызына, «Ересек» тобының тәрбиешілері Марал және Ақнұр апайларына ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеш аналардың жүзіндегі қуаныш пен балғындардың шат күлкісіне толы әсерлі сәттермен есте қалды.
Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы балалардың бойында мейірімділік, құрмет және отбасылық құндылықтарға деген сүйіспеншілік қалыптасады.
Маржан Амангелдіқызы,
ата-ана.