Ынтымағы ырысының бастауы, үзілмесін берекенің арқауы
Өткен аптада өңір тұрғындары 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін жоғары деңгейде атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын бекітілген мемлекеттік мереке елімізде ғұмыр кешіп жатқан түрлі этностардың өзара достығын дәріптеп, меймандостық пейілін танытатын айрықша күнге айналды. Бұл мейрамның басты мәні – Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың бірлігі мен келісімін, ортақ құндылықтарын айшықтау.
Жұма күні аудан орталығында арнайы құрылған сахнада аудандық мәдениет үйі мерекеге орай сазды бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан кейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков мінберге көтеріліп, өңір тұрғындарын Қазақстан халықтары бірлігі күнімен құттықтады. Қазақстанда салтанат құрған бірлік пен бейбітшілік, ынтымақ пен ырыс – басты байлық екенін тілге тиек еткен аудан басшысы ақжарма лебізін білдірді.
– Байтақ Отанымыздың бүгінгі татулығының тұрақтылығы, этносаралық ахуалының жай-күйі әлемнің көптеген елдерінің назарын аударуда. Елімізде бұл құндылықтарды сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оған билік пен бұқараның бейбітшілікті сақтауға деген ортақ ұмтылысы негіз болып отыр. Сондықтан біз бұл игілікті одан әрі нығайтып, келер ұрпаққа аманат етуге тиіспіз.
Жүзден аса этнос мекен еткен елімізде пейілі ортақ, болашағы бір отандастар өмір сүруде. Сол секілді Шу өңірінде де түрі бөлек болғанымен, тілегі бір түрлі этнос өкілдері татулықта ғұмыр кешіп келеді. Олар өз тілдерін сақтай отырып, ұлттық мәдениеттерін дамытып, ұрпақ тәрбиелеуде. Сонымен қатар өз еңбектері арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Біз мұны әрдайым жоғары бағалаймыз. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, бақ-береке, толайым табыс тілеймін, – деді Б.Оразалыұлы.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға және ауданның әлеуметтік дамуына үлес қосқан бір топ азамат аудан әкімінің Алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды. Осы күні орталық алаңнан бастау алатын аллеяда тұрғындар үшін көрмелер, спорттық ойындар, өнер байқаулары мен сауда-саттық алаңдары ұйымдастырылды. Мәселен, Мәлік Жүнісәлиев атындағы саябақтың кіреберісінде ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Онда ауданымызда табысты жұмыс жүргізіп отырған этномәдени орталықтар қазақ, түрік, күрд, орыс, әзірбайжан халықтарының ұлттық тағамдары мен сусындарын көпшілікке ұсынды. Аудан әкімі бастаған топ киіз үйлерді аралап, этномәдени бірлестік өкілдерімен жүздесіп, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Келесі отауда суретші, мүсінші, педагог Қали Қораласбаевтың көрмесі қойылды. Сонымен қатар көпшілік Өнер мектебі оқушыларының туындыларымен танысуға мүмкіндік алды. Ал үшінші киіз үйде елге белгілі этнодизайнер, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі К.Жанғұттының еңбектері жұрт назарына ұсынылды. Осы тұста Күлән Құсайынқызы – еліміздегі танымал қолөнер шебері, киіз басу өнерінің майталманы, қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеуші екендігін атап өткен жөн.
Нағыз мерекелік көңіл-күй саябақта айқын сезілді. Балаларын жетектеген ата-аналар, немерелерін ерткен қариялар аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған сазды бағдарламаны тамашалап, дойбы, қол күресі, арқан тарту секілді ұлттық ойындардың қызығына куә болды.
Қазақстан халқының бірлігі күні 40 мыңнан астам тұрғыны бар Шу қаласында да кең көлемде аталып өтті. Теміржолшылар саябағында спорттық жарыстар, қолөнер шеберлерінің көрмесі және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Өңірде өткен мерекенің жоғары деңгейде өтуіне қалтқысыз қызмет еткен тәртіп сақшыларына, өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ коммуналдық сала мамандарына алғыс білдірудің де артықшылығы жоқ.
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекетіміздің экономикасының дамуы, халықтың тұрмысының жақсаруы мен барлық салалардың ілгерілеуі алдымен қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа тікелей байланысты екені даусыз. Осы уақытқа дейін табысты жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға этносаралық келісім мен түсіністіктің арқасында қол жеткізілгенін көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат жақсы біледі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамдық һәм этносаралық келісімнің дүниежүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз осы игі істі әрі қарай жалғастыруымыз керек. Яғни елдегі бірлікті бекемдей түссек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Байжан Емберді.