Жоспар жүйелі, мақсат айқын
Қоғамдық кеңес – мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы биліктің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бірегей бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алынуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де түрлі Қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған. Бүгінде бұл үде толығымен орындалып келеді десек қателеспейміз.
Қарапайым аудан тұрғындары-нан құрылған қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Өйткені оның мүшелері жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу ағымдағы аптада «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов және кеңес мүшелері мен бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков баяндама жасап, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Бақытжан Оразалыұлы өткен жылы Шу ауданы облыс бойынша инвестиция көлемімен көш бастағанын жеткізді. Бұған ең алдымен өңірімізде ашылып жатқан өндіріс ошақтары мен «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жобалар сеп болып отырғанын тілге тиек етті. Ендігі кезекте инвесторлардың аудан тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне басымдық беріліп отырғанын да жеткізді. Жыл ішінде атқарылған жұмыстарға баға берген қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндама жасап, бөлім тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, жоғарыда аталып өткен мәселелер бойынша нақты ұсынымдар қабылдады.
Ерғали Қартайған.