Тартысқа толы турнир
Бокс – бүгінгі таңдағы мәшһүр спорттың бірі. Әлемнің алты құрылығы назар бұрып, еліміздің әр тарапынан жанкүйерлері тілеулестік танытады. Бұл өнерге қазақ баласының да ежелден таласы бар. Шежіресі Шоқыр Бөлтекұлынан басталатын қазақ боксын, берітінде Болат, Ермахан, Бекзат сынды чемпиондар жалғастырып, жас буынға мықты мектепті табыстап отырғаны рас. Оны кейінгі жылдары топ жарып жүрген жастар айғақтайды. Шын мықты аламанда анықталады дегендей жас талапты тап басу үшін додаларды өткізіп отырған абзал.
Осы аптаның алғашқы күні Шу қаласындағы №37 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде есімі елге белгілі бапкер, Үсенбаев Ахан Майданұлын еске алуға арналған 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан ашық турнир жалауын желбіретті.
Бес күнге созылатын байрақты бәсекені аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Шу қалалық жастар ресурстық орталығы мен облыс әкімдігінің спорт және дене шынықтыру басқармасына қарасты №37 БЖСМ ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі турнирде бақ сынау үшін жарысқа барлығы 160 боксшы қатысуға бел байлаған. Оның ішінде көршілес Өзбекстан және Қырғыз республикаларынан, Алматы және Қызылорда облыстарын қосқанда 13 өңірден жас спортшылар бақтарын сынауда.
Биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған турнирдің ашылуында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен мәртебелі меймандар сөз алып, жылы лебізін жеткізді.
– Шу ауданы қазақ боксына майталман спортшыларды тәрбиелеп, түлеп ұшырған өңір. Осы топырақтан Юрий Цхай мен Дамир Буданбеков сынды ағаларымыз өсіп, ел құрамасын жаттықтырды. Тағы бір жерлесіміз Асқар Еркебаевтың шәкірттері олимпиада чемпионы атануда. Кәсіби боксшы Батыр Жүкембаевтың даңқты жолын да ерекше атап өтуге болады.
Көзі тірісінде Ахан Майданұлы да Шу ауданында жемісті еңбек етіп, жас буынды боксқа баулыды. Талай чемпионның томағасын сыпырып, буынын бекіткен, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Салтанатты сәттерден кейін жас боксшылар шаршы алаңға шығып жұдырық түйістіріп бастады. Үкілі үмітпен келген бапкерлер шәкірттеріне ақыл кеңестерін беріп, әдістерді естеріне салып отырды.
Естеріңізге сала кетейік, Ахаң Майданұлы саналы ғұмырында балаларды боксқа баулып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиеледі. Бапкердің шындаған шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық додаларда топ жарған. Алды ұстаз жолын жалғап бапкерлік қызметте жүр.
Ерлердің есімін елі ұмытпайды. Аға буынды ардақтап еске алған кейінгі буынға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Байжан Емберді.