Ақпараттық портал

Еңбегімен еңселі елді мекен

Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылы – тұнған тарихтың куәсіндей, әр сай-саласы шежіре шерткен қасиетті мекен. Бұл топырақта Меккеге аттанып, қажылық парызын өтеген абыз қариялардың ізі жатыр. Екі рудың ұрпағы қоныс тепкен бұл өңірде елге өнеге болған шешендер мен батырлар өмір сүріп, артында өшпес із қалдырды. Солардың бірі – халық жадында сақталған Секер батыр. Ол өз заманында осы аймақта Аша совхозын құру үшін Ташкент асып, ел игілігі жолында еңбек еткен азамат.
Ауылдан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері – Заманбек ата мен Мәртай апаның өнегелі жолы, кеудесіне бірнеше мәрте «Ленин» орденін таққан еңбек адамдарының табандылығы – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Абай ауылы өткен ғасырда қой шаруашылығы бағытындағы ірі совхоз ретінде танылып, ақ қой өсіруден рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген өңір болды. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен кәсібилігінің айқын көрінісі.
Абай Құнанбайұлы атымен аталған ауыл хакімнің «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзін жанымен сезіне отырып, еңбекті бәрінен биік қоя білген ауыл. Олай дейтініміз, Абай ауылының кешегі де, бүгінгі де тыныс-тіршілігі – адал еңбектің айқын айғағы. Осындай тағылымы терең, тарихы бай ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы Өндіріс ауылдық округінің әкімі Санат Карбозовпен сұхбаттасқан едік.

– Санат Қиланұлы, Абай ауылында мал шаруашылығы, соның ішінде қой өсіру дәстүрі қалай жалғасып келеді?
– Абай ауылының негізгі тірегі – ата кәсіп, яғни мал шаруашылығы. Кеңес кезеңінде ақ қой өсіруден жоғары көрсеткіштерге жеткен бұл өңір бүгінде де сол бағытынан жаңылған жоқ. Қазіргі таңда ауылда 45 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның ішінде 25-і мал, 20-сы егін шаруашылығымен айналысады. Бұл – ата кәсіптің үзілмей, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Ауыл тұрғындары жер мен малдың қадірін терең түсініп, еңбекті өмір салтына айналдырған. Соның нәтижесінде шаруашылықтың берекесі артып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақтанып келеді.
Мал шаруашылығымен айналысатын 7 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отыр. Жалпы ауыл бойынша 29885 бас қой, 2237 бас сиыр, 997 бас жылқы бар. Ауыл еңбеккерлері арасында жетістігімен танылған азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Бексұлтан» шаруа қожалығының иесі Қырғызбаев Болат Көшкінбайұлы. Оның асыл тұқымды қошқарлары жыл сайын өткізілетін қошқарлар жарысында жүлделі орындарға ие болып, ауыл мерейін үстем етуде. Ал «Атай» шаруа қожалығының басшысы Атаев Сәкен Бердібекұлы тауарлық несие бағдарламасы аясында екі отбасыға 100 бас қой беріп, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға үлес қосуда. Жалпы, сапалы мал өсіру – ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын маңызды бағыт. Бұл саладағы жүйелі жұмыс ауыл экономикасының нығаюына және өнімнің бәсекеге қабілетті болуына жол ашуда.
– Туған жердің көркеюіне, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға, ұйымшылдықты арттыруға бағытталған игі бастаманың бірі – ауыл азаматтарының жомарттық істері екендігі анық. Осы жолдағы атқарылып жатқан жақсы істерді атап өтсеңіз?
– Абай ауылы – қайырымдылық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отырған елді мекен. «Асар» жобасы аясында ауыл жастарының демеушілігімен көпбалалы, тұрмысы төмен 4 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Н.Татыбеков, С.Кармысов, Ғ.Досаев, Ә.Сыдықбаев сынды азаматтарға тұрғын үйлер табысталды. Ал, биылғы жылға Е.Саулебаев пен С.Дигарбеков отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар қасиетті Рамазан айында, Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінде көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі отбасыларына тұрақты түрде азық-түлік себеттері үлестіріліп келеді. Ауылдың жастары ауыл мұқтаждығына арналған қор ашып, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасыларға, науқас жандарға, төтенше жағдай орын алған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Одан басқа ауылдың қайырымдылық іс-шараларына қолдау білдіреді. Ал «Жомарт түлек» бағдарламасы аясында әр жылғы мектеп түлектері ауылға, мешітке абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
– Жалпы ауылдың тұрмыс-тіршілігі түзу екендігі байқалады. Енді ауыл азаматтарының қоғамдық істерде белсенділігі туралы айтып өтсеңіз.
– Азаматы аттан, қазаны оттан түспеген, қаймағы бұзылмаған ауылдың азаматтары тәрбиелік мәні бар қоғамдық істерден қалыс қалған емес, ауылдағы қоғамдық ұйымдардың да атқарып отырған жұмысы ауқымды. Ақсақалдар алқасы, қоғамдық кеңес, билер, әкелер және аналар алқасы бірлесе жұмыс жүргізіп, ауылдың өзекті мәселелерін жоғары органдарға жеткізуде. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды мәселелер шешімін тауып келеді. Соның бір айғағы, биыл Абай атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып, ауылдың ауызбіршілігі, ынтымағы, тыныштығы мен бірлігі нығаюда.
Абай ауылындағы демографиялық ахуал тұрақты. Қазіргі таңда ауылда 1569 адам тұрады. Жас отбасылар саны артып, жылдан-жылға бала туу көрсеткіші артып келеді. Атап айтсақ, 7 балалы «Алтын алқа» иегерлері – 11 отбасы, 6 балалы «Күміс алқа» иегерлері – 26 отбасы, ал 4-5 баласы бар 41 көпбалалы отбасы бар.
Медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша да жұмыстар жолға қойылған. Шаруа қожалық иелері өз жұмысшыларын сақтандыру жүйесіне тіркеп, жеке кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлері толық қамтылған. Бұл бағытта ауыл тұрғындарына ай сайын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Ауылдағы спорт саласының дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта ауылымыздың жанашыр азаматы, жеке кәсіпкер Жексенбеков Нұрғали ағамыздың бастамасымен ашылған «Қазбек» спорт кешенінің орны бөлек. Аталған спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Спорт кешенінде түрлі үйірмелер жұмыс істеп, жас буынның спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Атап айтқанда, «Арт спорт» бағдарламасы аясында жүйелі түрде турнирлер ұйымдастырылып, оған көршілес ауылдардан да жас спортшылар келіп қатысуда. Мұндай жарыстар жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, достық қарым-қатынасты нығайтып, ауыл спортының дамуына серпін беруде. Ауылдағы спорт саласының жандануына үлес қосып отырған азаматтардың еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Қорыта айтқанда, Абай ауылы – кешегі даңқты еңбектің бүгінгі жалғасын таба білген, бірлігі бекем, тірлігі мығым елді мекен. Мұндағы әр жетістік – маңдай тердің, табанды тірліктің, ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі. Ауыл тұрғындарының еңбекке деген жауапкершілігі мен туған жерге деген жанашырлығы ел дамуының берік негізіне айналып отыр.
Бүгінде Абай ауылы тек тарихымен ғана емес, нақты істерімен, экономикалық әлеуетімен де ерекшеленеді. Мал шаруашылығы мен егіншілікті қатар дамытып, сапаға басымдық беру арқылы ауыл өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып келеді. Бұл – ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің жалпы дамуына да өзіндік үлес қосып отырғанының дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылдың ел экономикасындағы орнына ерекше тоқталып, «Ауыл – ұлттық экономиканың маңызды тірегі, оны дамыту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» екенін атап өткен болатын. Бұл ұстаным Абай ауылының бүгінгі бағытымен толық үндесіп жатыр.
Шынында да, ауылдың әлеуетін арттыру – елдің қуатын күшейту деген сөз. Ал Абай ауылындағы жүйелі жұмыс, бірлік пен еңбекке негізделген тіршілік – осы мақсатқа бастар нақты қадамдардың бірі. Бүгінгі қарқын – ертеңгі сенім. Еңбекті ту еткен елдің еңсесі әрдайым биік болары анық.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.