Ақпараттық портал

Қуаныш еселенген күн. Жаңа жол ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Басылымның өткен санында ауданымызда қос бірдей спорт нысаны ашылғанын сүйіншілеген болатынбыз. Ал алдыңғы аптада жаңажолдықтар үшін ақжолтай жаңалық – жұрт кәдесіне жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мердігер мекеме – «Компания Сырым Блеке» ЖШС директоры Арнұр Жанталиев, спорт ардагері Амантай Омаров, ауыл тұрғындары мен жас спортшылар қатысты. Ақ түйенің қарны жарылған күні аудан басшысы тұрғындарға деген ізгі тілегін білдіріп, қуанышты сәтпен құттықтады.
-Соңғы жылдары спорт нысандары көптеп ашылып жатыр. Бұл «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында қолға алынған шара. Себебі спорт кешенін салу Жаңа жол ауылы тұрғындарының ұзақтан бергі тілегі болатын.
Спорт – өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелейтін құрал. Ол үшін жергілікті атқарушы билік барлық мүмкіндікті ұсынуы тиіс. Қазіргі таңда әрбір ауылда футбол алаңшалары, көше жаттығуына арналған алаң мен спорт кешендері спортпен шұғылданушыларға ашық.
Бүгінгі ашылған спорт ғимараты ел игілігіне жарасын. Мердігер мекемеге тұрғындар атынан алғысымды айтамын. Осы ауылдан ел намысын қорғайтын атпал спортшылар шыға беруіне тілектеспіз. Қуаныштарыңыз құтты болсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Ізгі лебіздерден соң кешеннің ашылу салтанаты өтіп, қызыл лентасы қиылды. Құтты болсын айтылып, әжелердің шашуы шашылды. Жұртшылық ішке еніп, жаңа нысанның мүмкіндігін көрді.
Заман талабына сай жаңа спорт кешенінде ауыл жастары волейбол, футбол, дзюдо және бокс үйірмелеріне қатыса алады. Осылайша, аудан спорты жаңа сатыға көтеріліп отыр. Өйткені, мұндай қадамдар өз септігін тигізері сөзсіз.
Ашылған нысан ауыл жастарына зор қуаныш болды. Шараға куә болған ауыл жасы бұрын спорт үйірмесіне қатысуға көршілес ауылдарға баратынын айтуда. Ал ауылдағы көрікті кешен балалар бас қосатын сүйікті орынға айналады деп сенеміз.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі берген мәліметке сүйенсек, ауданда жалпы саны 305 спорт нысаны тұрғындарға қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 2 стадион, 5 спорт кешені, 71 футбол алаңы, 152 спорт алаңшасы және 75 спорт залы бар.
Жуырда ғана «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен Шу қаласы мен Бірлік ауылында 2 ангарлы спорт залдары ашылып, оған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысқан болатын. Аталған залдарда жергілікті тұрғындар кіші футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисімен айналыса алады.
Сонымен қатар Көкқайнар ауылында салынып жатқан күрес залының құрылысы таяуда аяқталмақ.Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен былтыр құрылысы басталып, биылға өтпелі болған екі денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі – Жаңа жол ауылындағы кешені ашылса, Шоқпар ауылында салынып жатқан спорт кешені жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда аудан бойынша жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар саны 43 941 адамға жетіп, бұл жалпы халықтың 44,2 пайызын құрап отыр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.