Елдік іс – ортақ жауапкершілік
Қоғамның саяси мәдениеті мен азаматтық белсенділігі артып келе жатқан бүгінгі кезеңде елдік маңызы зор бастамаларға атсалысу – әрбір азаматтың абыройлы міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел тағдырына бейжай қарамау – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі» деп атап өткендей, осындай жауапты көзқарас елдің дамуына серпін беретін басымдықтардың бірі болып табылады.
Осы орайда 15 наурызда өткен еліміздің баянды болашағына бағытталған республикалық референдумды ұйымдастыру, өткізу және кең көлемде насихаттау барысында көптеген жерлестеріміз ерекше белсенділік пен жауапкершілік танытты. Елдік мүдде жолындағы елеулі еңбектің ескерусіз қалмайтыны анық. Осы ретте бірқатар шулық азаматтар жоғары марапаттарға ие болды.
Арнайы өткен салтанатты жиында референдум қорытындылары бойынша саяси науқанды ұйымдастыруға және үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысқан бір топ азаматтарға Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің Алғыс хаты табысталды.
Марапат иелерінің қатарында аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аппарат басшысы Н.Абай, Шу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Ә.Мұхамеджан, Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Б.Аханов, №419 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Л.Мырзаханова бар.
Сонымен қатар, №418 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары К.Ибраимов «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, 5 азаматқа Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табысталды. Ал 44 адам Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының Алғыс хатына ие болды.
Салтанатты рәсім барысында Amanat партиясының марапаттары да өз иелерін тапты. Бұл марапаттар – сайлау процесін ұйымдастыруға атсалысқан мамандардың еңбегіне берілген жоғары баға әрі азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
(Өз тілшіміз).