Әдепті болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті
Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын ең маңызды тетіктердің бірі. Осыған орай, мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің себебі – оның іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін де жетілдіру болып табылады. Себебі мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне және жүріс-тұрысына қарай қазіргі қоғамда халықтың атқарушы билік туралы көзқарасы мен оған деген сенімі қалыптасатыны белгілі.
Жаңа редакциядағы Әдеп кодексінде оның құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізілді. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және тұтынушыға бағдарланушылық. Айта кету керек, мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қарастырылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін ұстануға міндетті және кез келген ортада іскерлік стильге сай ресми мінез-құлықты сақтауы тиіс.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ және заңды шешімдер қабылдауы, жалған ақпарат таратпауы, сын айтқаны үшін ешкімді қудаламауы және мемлекеттік меншікті тек қызмет бабында пайдалануы қажет.
Мемлекеттік қызметті – мәртебелі де мерейлі міндет деп білеміз. Мұндағы мақсат та, міндет те біреу – тұтынушылардың құқығын қорғау, заңды мүдделерін қанағаттандыру және сапалы қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Сондықтан қызметші кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге де ие болуы тиіс.
Әсіресе қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі артқан кезеңде мұндай қасиеттер әрбір азаматта болуы қажет. Мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппарат беделін нығайтуға ықпал етіп, іскерлік, ұстамдылық және ұқыптылық секілді жалпы қабылданған талаптарға сай болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауы тиіс.
Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігері мен тәжірибесін кәсіби қызметіне арнап, Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Қоғам – адамдар қауымдастығы болғандықтан, мұнда адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі бір этиканы сақтайды. Этика – тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүру қағидаларының жалпы жиынтығы.
Ал бұл нормалар адамның моральдық және адамгершілік қасиеттерімен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан этикет – этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдардың бір-біріне зиян келтірмей өмір сүру ережелері жүйесі.
Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі қоғамда тәртіп сақталмаса, адамдар арасындағы қарым-қатынас хаосқа айналуы мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда реттейтін, теріс қылықтарды азайтатын нормалар жүйесі қалыптасқан. Мысалы: үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, адамдардың құқықтары мен қызығушылықтарын құрметтеу және т.б.
Этиканы сақтау өмірдің әр саласында әртүрлі деңгейде көрініс табады. Әсіресе қызмет барысында этиканы сақтау аса маңызды. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы ерекше назар аудартады. Мемлекеттік қызметкер әртүрлі қоғам өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, ол жоғары дайындықпен қызмет атқаруы тиіс.
Қызмет орнында өзін-өзі ұстау, сыртқы бейнесі мен киім үлгісінің тәртіпке сай болуы, қимыл-әрекеттері мен сөйлесу мәдениеті – барлығы да кәсіби этикалық құндылықтарға жатады.
Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі және күнделікті өмірдегі жүріс-тұрыс стандарты. Еліміздің ертеңі мен бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты, ар-ожданы және кәсібилігіне байланысты. «Біздің міндет – халыққа қызмет», – деп Елбасы белгілеген ұран аясында елге адалдықпен қызмет ету – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.
Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру – Жаңа цифрлы Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор болып саналады.
Арайлым Шопан,
Шу аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маман – бас қазынашысы.