Ұлттық кітап пен кітапханашылар апталығы: руханият мерекесі
Биылғы жылдан бастап елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып белгіленді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 12 000 кітапханада 20 000 маман жұмыс істейді. Соңғы он жылдықта 2 мыңнан астам атаумен 6 миллионнан астам кітап жарық көрген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген бұл мереке руханият саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарға ерекше маңыз берері анық. Президент өз сөзінде «Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады» деп атап өткен болатын.
Қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес, бұқараны кітап оқуға баулу, интеллектуалды мәдениетті қалыптастыру және оқу мәдениетін бекіту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай, еліміздің әр түкпіріндегі кітапханаларда 100-ден астам іс-шара өткізілді. Олардың қатарында кітап фестивальдері, жәрмеңкелер, авторлармен кездесулер және түрлі акциялар бар.
Өңір мәдениетінің мәйегі саналатын Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде де кітап апталығы мазмұнды шаралармен жалғасты. Бағдагүл Дәулетханқызы басқаратын іргелі ұжым апталық аясында әр күн сайын ауқымды жұмыстар атқарды.
Апталықтың алғашқы шарасы аудандық кітапхананың Білім орталығында өткен «Рухани байлықтың бастауы – кітап» атты кітап фестивалі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және ұлттық әдебиетті дәріптеу.
Фестиваль шымылдығы «Оқуға құштар ұрпақ» атты кітап көрмесімен ашылып, Шу өңірінен шыққан ақын-жазушылардың макеттері қойылды. Бұл көрме қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар кітапхананың бірыңғай қорларды ұйымдастыру бөлімі «Мұнара» және «Қобыз» инсталляцияларын ұсынды. Көзі нашар көретін оқырмандарға арналған тактильді кітаптар таныстырылып, инклюзивті қызмет түрлері туралы ақпарат берілді.
Шара барысында қонақтар үшін зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, ән мен күй, поэзия кештері ұсынылды. Сурет салу байқауы да фестивальдің көркін аша түсті. Іс-шараға ауданның аға буын өкілдері, аналар алқасы және әртүрлі жастағы оқырмандар қатысты.
Апталықтың келесі күнінде «Өлкемізден шыққан дара тұлға» атты ақын, ардагер-журналист Тампылбай Молдақұловпен кездесу кеші өтті. Жыр мен журналистиканы қатар ұстаған қаламгермен өткен бұл кешке кітапхана оқырмандары қатысып, еркін сұхбат құрды.
Кеш барысында ақын өз шығармашылығы туралы әңгімелеп, жүрек түкпірінен шыққан жырларын оқыды. Кітапхана қызметкерлері қонақтың «Шырайлы Шуым менің» және «Туған елге» өлеңдерін мәнерлеп оқыса, мәдениет майталмандары Е.Азаматов пен Ж.Досжанова ақын сөзіне жазылған «Сандуғашым», «Сыр», «Жамбыл таңы» әндерін орындады.
Шара соңында мекеме директоры Б.Алжанбаева қонаққа сый-сияпат табыс етті. Ақын өз алғысын білдіріп, «Мойынқұм таңы» атты жыр жинағын кітапхана қорына сыйға тартты.
Апталық аясындағы ерекше шаралардың бірі – «Түнгі кітап әлеміне саяхат» атты кітап кеші болды. Шу қалалық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған бұл шара «Теміржол» саябағында өтті.
Кеш Әл-Фараби, Ахмет Яссауи және Абай Құнанбайұлы бейнелері арқылы ашылып, рухани мазмұнға толы көрініске айналды. Қатысушылар кітап көрмелері мен инсталляцияларды тамашалап, викториналар мен танымдық ойындарға белсене қатысты. Балаларға арналған сергіту сәттері де ұйымдастырылды.
Кеш соңында қала әкімінің орынбасары Б.Төлендиев пен Шу аудандық ОКЖ директоры Б.Алжанбаева сөз сөйлеп, белсенді оқушылар марапатталып, дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
150-ге жуық адам қатысқан іс-шараның негізгі мақсаты – оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау болды. Сонымен қатар аудандық кітапханада кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен кітапхана қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Кітаппен өрілген өмір» атты әдеби-әуенді кеш те өткізілді.
Кеш барысында ардагер кітапханашыларға құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі ерекше аталды. Ардагерлер жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мерекелік кеш ән мен жыр, жылы лебіздерге толы болып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл – апталық аясында өткен іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек аудандық, қалалық және ауылдық кітапханаларда кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған 15-тен астам іс-шара өткізіліп, оған 500-ге жуық оқырман қатысты. Ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген кітапханашыларды төл мерекелерімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!
Байжан Емберді.