Ақпараттандыру жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халыққа сапалы қызмет көрсету – мемлекеттік саясаттың басты өзегі, ал ашықтық пен жауапкершілік – әрбір саланың негізгі қағидаты болуы тиіс» деп атап өткен болатын. Осы ұстанымға сай, денсаулық сақтау саласында халықтың сенімін арттыру, қызмет сапасын жетілдіру және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру іс-шаралары ұдайы өткізіліп тұрады.
Оған дәлел, жуырда ғана Шу аудандық орталық ауруханасының мамандары, комплаенс-офицер Ж.Беимбетова, қаржылық аудитор Т.Аристеев, сондай-ақ төтенше жағдайларға жауапты маман Б.Доспанбетовтың қатысуымен ауданға қарасты бірқатар медициналық мекемелерде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Абай ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте (ФАП), Мойынқұм ауылындағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияда (ОДА) және Жиенбет ауылындағы медициналық пунктте медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, саладағы өзекті мәселелер жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық түрлері, олардың құқықтық салдары және жауапкершілік шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндіріліп, ашықтық пен әділдікті сақтау – сапалы медициналық қызметтің негізгі қағидаты екені атап өтілді.
Медицина қызметкерлерімен әдеп нормаларын сақтау, қызмет көрсету барысында бейресми төлемдерге жол бермеу және пациенттерге адал әрі сапалы қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Халық сенімін арттыру – әрбір медициналық маманның басты міндеті екені ерекше атап көрсетілді.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібі бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға қатысқан мамандарға эвакуациялау ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері және жедел қызметтермен өзара іс-қимыл тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Қызметкерлердің төтенше жағдай кезінде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, бекітілген нұсқаулықтарды қатаң сақтау қажеттілігі баса айтылды. Бұл өз кезегінде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі екені жеткізілді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылардың құқықтық сауаттылығы мен практикалық дайындығы артып, төтенше жағдайларда әрекет ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы білімдері нығая түсті.
Аудандық орталық ауруханасы.