Жарты ғасыр ғұмырын ұстаздыққа арнаған
Біздің Шу өңірі – саф тарихтың парағы, тектілердің тұрағы саналатын, қазақ зиялыларының ізі қалған қасиетті мекен. Тұмса табиғаты мен тарихқа толы қатпарлы топырағы бар бұл өлкеде елдік пен ерлік, білім мен парасат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер – өз дәуірінің рухани тынысын сезіне білген, өскелең ұрпаққа өнегесін дарыта білген, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлағатты тұлға – Әбдіахмет Махамбетәбиев.
Әбдіахмет Махамбетәбиев 1926 жылы Шу ауданының қазіргі Көктөбе ауылында дүниеге келген. Өмірге келген сәті халқымызды қынадай қырған ашаршылықтан ел есеңгіреп, ес жия алмай жатқан қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген Әбдіахмет әкеміздің қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімей жатып-ақ сынақтарға толы болды. Әкесі Махамбетәбі мен анасы Анаркүлден жастай айырылып, бауыры Әбдісадық екеуі әжесі Ұмсынның тәрбиесінде өседі. Қос жетімді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әже мейірімі олардың өмірге деген сенімі мен үмітін қалыптастырды. Алайда балалықтың қызығын көрер шақта басталған 1941 жылғы соғыс отбасының тағы бір ауыр қайғысына айналып, небәрі 17 жастағы ағасы майданға аттанады.
Жоқшылық пен жетімдіктің тауқыметін тарта жүріп, Әбдіахмет білімге деген құштарлығын жоғалтпайды. Мектепті үздік тәмамдағанымен, тұрмыстың қиындығы оқуын бірден жалғастыруға мүмкіндік бермейді. 1945 жылы Қарауылтөбе бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасып, үш жыл бойы еңбек ете жүріп, болашақ оқуына қаражат жинайды. Сөйтіп, 1948 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп, 1952 жылы оны «қызыл» дипломмен бітіреді.
Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар институтының студенті Мұхсина Латиповамен шаңырақ көтеріп, жас мамандар жолдамамен Оңтүстік Қазақстан өңіріне аттанады. Созақ, Бостандық аудандарында, кейін Шыршық қаласында бес жыл бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, кәсіби шеберлігін шыңдайды. Бұл кезең – оның ұстаз ретінде қалыптасу, тәжірибе жинақтау жылдары еді.
1958 жылы туған ауылына оралып, Жамбыл атындағы орта мектепте қызметін жалғастырады. Алғашқы жылдары кадр тапшылығына байланысты химия пәнінен де сабақ беру жүктеледі. Әдебиетші маманның күрделі химия пәнін игеріп, оны оқушыларға түсінікті әрі сапалы жеткізе білуі – оның жан-жақтылығы мен терең білімінің айқын дәлелі болды.
Ұстаз үшін сабақ – тек білім беру емес, тәрбие беру алаңы еді. Шешен тілді, ойы жүйрік Әбдіахмет ата-баба өсиеттерін, нақыл сөздерді орнымен қолданып, шәкірт жүрегіне жол таба білді. Сабақтан тыс уақытта да жастарды білімге, ізденіске жігерлендіріп, олардың болашағына сенім ұялатты. Соның нәтижесінде алғашқы түлектердің басым бөлігі жоғары білім алып, ел игілігіне қызмет еткен мамандарға айналды. Олардың қатарында режиссер Қадір Жетпісбаев, мектеп басшысы Шашубай Досмайылов, «Ленин» орденінің иегері Тұрдан Сәрсенбиев, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Ермекбай Құлманов пен Нартан Еркінбеков секілді азаматтар бар.
Әкем сөзімен ғана тәлім-тәрбие беріп қоймай, ісімен де өнеге көрсетіп кетті. Өзі бастама көтеріп, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласынан қайтпай қалған көктөбелік ауылдастарына ескерткіш орнатты. Үй-үйді аралап жүріп, ел қорғау жолында мерт болған боздақтар туралы мәліметтер жинады. Екі қабатты мектептің ауласында өз қолымен ақ кірпіштен қалап тұрғызған ескерткішке олардың аты-жөндерін жаздыртты. Яғни, Шу өңірінде осындай ескерткішті алғаш тұр-ғызған – Әбдіахмет Махамбетәбиев еді.
Осындай білім-біліктілігі мен іскерлігін ескерген болар, аудандық білім бөлімі көп ұзамай, 1965 жылы қатардағы мұғалімді Белбасар колхозындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке директор етіп тағайындады. Әкемнің бойындағы бүкіл ұстаздық дарыны, міне, осы жерде толық ашылды. Ұлағатты ұстаздың ұзақ та мазмұнды еңбек жолын осылайша қысқа қайырғанымызбен, оның астарында талмай іздену, ұйқысыз өткен ұзақ түндер мен қажырлы еңбек жатыр. Мәселен, директор болған жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп аудан, облыс көлемінде жүлделі орындардан түскен емес. Сол тұста осы мектептің 10 мұғалімі «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Олар: Әбдіахмет Махамбетәбиев, Сәдуақас Қомаев, Келгенбай Атамқұлов, Мұхсина Латипова, Сүгірбаева, Разгүл Шынжарбекова, Рая Ойшиева, Атлана Махамбетабиева, Қалкен Асанбаева, Катя Бақтыбекова. Бір мұғалім – «Аға мұғалім» атағын (Мираш Өтебаева), екі мұғалім – «Әдістемеші мұғалім» атағын (Мұрат Жақсыбаев, Рая Ойшиева) иеленді. Ал 6 мұғалім «Қазақ ССР Оқу министрінің құрмет грамотасымен», атап айтсақ, Сәдуақас Қомаев, Байбосын Бесбаев, Мұхсина Латипова, Әбдіахмет Махамбетәбиев, Күнсұлу Қосшыбаева, Зифа Құсайынова марапатталды. Бұл – аталған ұжым еңбегінің айқын дәлелі.
Әкемнің айрықша мақтаныш тұтатын қырларының бірі – өзі бас болып ұйымдастырып, үлкен биіктерге шығарған мектептің оқушылар-өндірістік бригадасы. Ол кездегі колхоз басшысы Әмірбеков Оңалбай бұл бастаманы қолдап, мектепке жер бөлгізіп, басына оқушылар демалатын және тамақтанатын дала шатырын салып берді. Құрамында 120 оқушысы бар бұл үлкен бригада тұрақты түрде 30 гектар қант қызылшасын баптап, оқуды еңбекпен ұштастырды. Оқушылардың жазғы демалысын еңбекпен тиімді ұштастыру нәтижесінде әр гектардан 670 центнерге дейін өнім алуға қол жеткізді. Бригада Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Ал сегіз оқушы осы көрменің медальдарына ие болды. Бригада жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Сәдуақас Қомаев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1969 жылы осы мектептің негізінде республика оқушылар-өндірістік бригадаларының слеті өтті. Осы саладағы жетістіктері үшін мектепке «ГАЗ-52» автомашинасы, толық жабдықталған химия кабинеті және телевизор сыйға берілді. Үздік 30 оқушы Балтық жағалауы республикаларын тегін жолдама арқылы аралап қайтты. Оқушылар-өндірістік бригадасының республикалық ауыспалы туы мектепке мәңгілікке қалдырылды.
1966 жылы тағы бір тың іс қолға алынды. Яғни, мектеп маңына ерте пісетін 120 түп жеміс ағашы отырғызылды. Төрт жылдан кейін жеміс бере бастаған бұл бау, біріншіден, ауыл мектебіне көрік берсе, екіншіден, мектептің қаржылық жағдайын нығайтты. Жемісті сатудан түскен қаражаттың арқасында мектеп кейінгі жылдары күрделі жөндеу үшін бюджеттен қаржы алған жоқ. Соның нәтижесінде мектеп жыл сайынғы ағымдағы жөндеуді аудан бойынша бірінші болып аяқтайтын. 1973 жылы сәуір айында облыстық оқу бөлімінің арнайы қаулысымен мектептің оқу-тәрбие жұмысындағы іс-тәжірибесі облыс мектептеріне кеңінен таратылды.
Шәкірттерінің білімді, еңбекқор ғана емес, туған жерін, өлкесін, Отанын жан жүрегімен сүйетін азамат болып өсуіне де ерекше көңіл бөлді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына орай мектеп комсомолдары мен оқушылары мектеп алаңында биіктігі 8 метрлік ескерткіш орнатты. Онда майдан даласынан қайтпай қалған 105 белбасарлық боздақтың есімдері ойып жазылды. Сонымен қатар сол жылы қазақтың тұңғыш ғалымы, мектепке есімі берілген Шоқан Уәлихановтың 3 метрлік мүсіні мектеп алдына қойылды.
Әкемнің ұстаздық ізденістері мен іс-тәжірибелері де өз алдына бір төбе. Бұл мол тәжірибесін ол әріптестерімен газет-журналдар, слеттер мен жиналыстар арқылы үнемі бөлісіп отырды. Мәселен, оның «Мұғалімдер сабағын талдау әдістері», «Мұғалімдерді аттестаттаудан өткізу жолдары» атты еңбектері 1979 жылы республикалық директорлар білімін жетілдіру курсында жоғары бағаға ие болды.
Ол кісі ұстаздық қызметімен қатар мектеп ғимаратының сыртқы және ішкі көрінісінің әдемі әрі таза болуына да ерекше көңіл бөлетін. Қыс мезгілінде мектеп қазандығының дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, оны уақытылы жөндеуден өткізуге, көмірдің дер кезінде жеткізілуіне мән беретін. Кейде түнгі аязға қарамай, қазандыққа барып, от жағушылардың жұмысын тексеріп тұратын.
Әр жылдары білім алған мектеп түлектері еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етті. Олардың қатарында академик, Мәжіліс депутаты Ғани Қалиев, ғылым докторы Серік Кененбаев, филология ғылымдарының докторы Фадли Алиев, сондай-ақ Шу, Меркі, Мойынқұм, Талас аудандарында әкім қызметін атқарған Рысмендиев Болат және басқа да азаматтар бар.
Асыл анамыз Мұхсина Хайдарқызы әкемізбен бірге жүріп, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеді. География пәнінен сабақ беріп, оқушыларға жан-тәнімен түсіндіретін. Тыңдаушыларына жер шарын көз алдына елестеткендей әсер қалдыратын. Мінезінің жібектей жұмсақтығы арқылы әр оқушының қабілетіне қарай жүрегіне жол таба білетін. Оның мейірімділігі мен қайырымдылығы көпшілікті жігерлендіріп, дұрыс бағыт-бағдар беретін.
Әкем шәкірттерін ғана емес, өз ұл-қыздарын да білімді, білікті азамат етіп тәрбиеледі. Қызы Атлана әке жолын қуып ұстаз болса, ұлдары Бейбіт – мал дәрігері, Бейімбет – инженер, Батырбек – агроном, Бақтыбек – сәулетші, Тұрар – теміржол инженері атанды. Балалары өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. Бізді адал еңбек етуге, шындық жолымен жүруге, қиындыққа мойымауға тәрбиеледі.
Жарты ғасырға жуық ғұмырын ұстаздыққа арнаған Әбдіахмет Махамбетәбиевтің еңбегі жоғары бағаланып, бір сөйлеммен түйіндесек, «Құрмет белгісі» ордені, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтары, «Ерен еңбегі үшін», «Ардагерлер» медальдары мен көптеген құрмет грамоталарына ие болған көрнекті педагог ретінде ел жадында қалды. 1988 жылы зейнетке шықса да, 1995 жылға дейін ұстаздық қызметін жалғастырып, өмірінің соңына дейін білім мен тәрбиенің шамшырағы болып өтті. Әбдіахмет Махамбетәбиевтің өнегелі өмір жолы – ұрпаққа үлгі, елге мұра. Оның есімі мен еңбегі уақыт өткен сайын биіктей берері анық.
Бейімбет Әбдіахметұлы,
Төле би ауылы.