Патриоттық сарындағы шара
Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 7- мамыр Отан қорғаушылар күніне орай «Жас Ұлан» тақырыбында аудан мектептері арасында ауқымды іс-шара өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау және оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту болды.
Іс-шараға ауданның түрлі мектептерінен келген оқушылар белсене қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша өнер көрсетті. Атап айтқанда, автомат шашу, тир ату және арқан тартыс сияқты сайыстар ұйымдастырылды. Әрбір кезеңде оқушылар өздерінің ептілігін, шапшаңдығын және күш-жігерін көрсете білді.
Автомат шашу сайысында қатысушылар қаруды дұрыс әрі жылдам жинақтау бойынша сынға түсті. Ал тир ату кезеңінде мергендік қабілеттерін байқап, нысана көздеуде дәлдіктерін көрсетті. Арқан тартыс сайысы командалық рухты нығайтып, оқушылардың бірлік пен ұйымшылдық қасиеттерін айқындай түсті.
Шара соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен қатысушылар арнайы марапатталып, алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
Нұрбике Төлеубек,
Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы.