Ақпараттық портал

«Дала дауысы – ақын жырында» бұрышы ашылды

Аталған мәдени шара қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеу, ел ішінде өзіндік орны бар ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау және жас ұрпақты таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жақсыбай Жантөбетов 1888 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы аумағында дүниеге келген. Ауыл мектебінде сауатын ашып, жастайынан сөз өнеріне жақын болған ақын ел арасында ерекше дарынымен танылып, халық поэзиясының көрнекті өкіліне айналды. Оның шығармалары қоғам өміріндегі өзгерістерді, ел тұрмысын, заман тынысын кеңінен қамтиды.
Ақынның «Көк лақ», «Колхоз жыры», «Түрксіб», «Екі тап», «Назым қыз» сынды дастандары мен өлеңдері халықтың тарихи жадынан орын алып, қазақ әдебиетінің қорын толықтырған құнды туындылар қатарында бағаланады. Сонымен қатар ол 1937 жылғы ақындар слетіне, 1943 жылғы айтысқа қатысып, Абай мен Жамбылдың мерейтойларында өнер көрсеткен. Қуаныш Баймағанбетов, Қуат Терібаев секілді ақындармен айтысқа түсіп, қырғыз ақыны Османқұлмен хат арқылы сөз сайыстырғаны да белгілі.
Жақсыбай Жантөбетовтің шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, «Ақын жырлары» (1958), «Пернедегі термелер» (1965) жинақтарына енген. Ал 1985 жылы «Жазушы» баспасынан «Өмірімнің өрнегі» атты өлеңдер мен дастандар жинағы жарық көрді.
Ерен еңбегі үшін ақын «Құрмет Белгісі» орденімен, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Арнайы бұрыштың ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Ниязбеков Болатхан Кемелханұлы, Өндіріс ауылдық округінің төрағасы Байгисеев Тобақан, Шу аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Бәйтерек Жұмаділда, сондай-ақ ақынның ұрпақтары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Жиын барысында қатысушылар халық ақынының шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет үшін аса құнды екенін атап өтті.
Музейдегі жаңа бұрышта ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер, қолжазбалар, фотосуреттер мен тарихи деректер қойылған. Экспозицияны музей экскурсоводы А. Тұрсын таныстырып, келушілерге ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасы жөнінде кеңінен мәлімет берді. Аталған бастама – ұлттық әдебиет пен мәдениетті ұлықтауға, тарихи тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды қадам.

Г.Макуева,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.