Ақпараттық портал

Әскери мектептің тыныс-тіршілігімен танысты

Қазақ даласының кең көкжиегіне көз салсаң, әр төбенің, әр белестің астарында бір тарих, бір тағдыр, бір ерліктің ізі сайрап жатыр. Тарих қойнауында сақтар мен ғұндардың айбынды тұлғалары, түркі қағанаты дәуіріндегі қайсар ерлер, одан бергі Қазақ хандығы тұсындағы ел қорғаны болған баһадүрлер, одан берідегі ел басына күн туған шақта иығына қару асынып, Отанын қорғаған батырлар ел жадында әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Сонау қат тарихтың қойнауына үңілсек ел басына күн туған шақта атқа қонған ерлердің қатарында Қобыланды батыр, Алпамыс батыр сынды аңызға айналған тұлғалардан бастап, тарихи сахнада із қалдырған Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр секілді ерлердің есімі алтын әріппен жазылды.
Ал бергі дәуірде ұлт-азаттық қозғалыстарда ерлік көрсеткен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған ерлердің рухы – бүгінгі тәуелсіздіктің темірқазығы. Батыр рухты еліміздің ерлерінің қайсарлығын тағы бір дәлелдеткен ХХ ғасырдағы алапат сын – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да қазақтың ерлік дәстүрі жалғасын тапты. Қанды майданда қайсарлықтың биік үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сынды ерлердің есімі халық жадында мәңгілік сақталды.

Осынау батырларымыздың ерлігі – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ. Ендеше, осындай асыл тұлғаларды өскелең ұрпаққа үлгі етіп, олардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Соны жанымен ұғынған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлік пен жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатында Шу қаласы мен Төле би ауылындағы мектептердің 6 сынып оқушыларын Тараз қаласында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернатына арнайы апарып, экскурсия ұйымдастырды.
Өткен жылдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында аталған білім ордасының тыныс-тіршілігімен арнайы танысып, оның болашақ әскери мамандарды даярлаудағы әлеуетіне жоғары баға берген екен. Мемлекет басшысы осы сапар барысында мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы есімін беру туралы маңызды ұсыныс білдірген болатын. Бұл бастама көп ұзамай нақты шешімін тауып, ағымдағы жылдың қаңтар айының басында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс отызыншы сессиясында Президент ұсынысы негізге алынып, бірауыздан қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде білім ордасына даңқты қолбасшының есімі ресми түрде берілді. Президентіміз мектеп-интернаттың әскери бағыттағы жас буынды тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтіп, мұндай үлгідегі білім ошақтарын еліміздің әр өңірінде көбейту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Қашанда мемлекеттік маңызы бар істерді назардан тыс қалдырмайтын аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы әскери мектепті ауданның жас өрендері көріп, бойына ұлттық рухты сіңірсе деген ниетпен өзі бастап алып барды.
Шу ауданының білім беру ұйымдарынан жиналған 6 сынып оқушыларын бастап барған Жайдар Саттарқұлұлын Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернатының директоры Әлішер Әзімбай өзі қарсы алып, толықтай таныстырды. Ол ең алдымен дәл осындай әскери мектеп республика бойынша Тараз қаласында төртінші болып ашылғанын мақтанышпен айтуға болатынын тілге тиек етіп, одан бөлек Семей, Павлодар, Атырау қалаларында бар екендігін айтып өтті.
Оның айтуынша, білім ордасында 180 тәрбиеленуші толыққанды білім алуда. Былтырғы оқу жылының ІІІ тоқсанынан жұмысын бастаған әскери мектепте 7, 8, 9 сынып оқушылары қабылданған, ал келесі оқу жылынан бастап мектепке оқушыларды 7-ші сыныптан бастап қабылдайды. Мектептің материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда 39 оқу кабинеті, 120 орындық асхана, 320 орынға арналған жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы және екі футбол алаңы бар. Сонымен қатар спортзал, саптық дайындық алаңы, STEM зертханасы, робототехника және IT кабинеттері үздіксіз жұмыс істейді. Барлық нысандар оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне қажетті талаптарға толық жауап береді.
Жасөспірімдерді әскери рухта тәрбиелеуге бағытталған бұл білім ордасында жаратылыстану-математикалық пәндер, информатика және ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Оқу бағдарламасы аясында түрлі элективті курстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Олардың қатарында алғашқы әскери дайындық, «SkyTech» пилотсыз ұшу аппараттарын басқару негіздері, қарым-қатынас психологиясы, сондай-ақ химия және әскери бағыттағы арнайы сабақтар бар. Мысалы, осы курстар барысында биологиялық қарулардың адам өміріне төндіретін қаупі жан-жақты түсіндіріледі.
Бұдан бөлек, инварианттық бөліктің мамандандырылған компоненті шеңберінде бірқатар пәндер кеңейтіліп әрі тереңдетіліп оқытылады. Олардың қатарында шет тілі, алгебра, геометрия, физика, география және информатика бар. Оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту мақсатында әртүрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Атап айтқанда, әскери іс, дебат клубы, домбыра, футбол, күрес, қоян-қолтық ұрыс және хор бағытындағы қосымша сабақтар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, мектеп-интернатта «Жас сарбаз» патриоттық клубы да белсенді жұмыс атқарады.
Әлішер Әзімбайұлының айтуынша, аталған мектептің түлектері болашақта Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары мен колледждерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты азаматтық жоғары оқу орындарына түсуге, тіпті шетелдік жоғары және арнайы кәсіптік оқу орындарында оқуын жалғастыруға да жол ашық.
Оқушыларды әскери мектептің ауласына кіргеннен бастап тыныс-тіршілігімен бастан-аяқ таныстыра отырып, әскери мектепте білім алып жатқан шулық жас сарбаздармен жүздестіріп, әңгіме өрбітті. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы Ғ.Мұратбаев, Б.Момышұлы, М.Әуезов, Амангелді, С.Сейфуллин, М.Мақатаев мектептерінен әскери мектепке барған оқушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, артынан ілесіп келе жатқан інілеріне үлгі бола білгені үшін алғысын айтты. Енді ғана жас шыбықтай қатайып келе жатқан жас өрендер әскери мектепті аралап, қызықтырған түрлі сұрақтарын қойып, осы мектепте оқуға ниеттері бар екендігін жеткізді. Әскери мектептен басталған саяхат «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде жалғасып, оқушылар музей ішін аралап, еліміздің сонау тас, қола дәуірлерінен бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан бай тарихын айғақтайтын көне жәдігерлермен танысып, танымын кеңейтті.
Бірде израильдік тарихшының қасқая қарсы отырып Ресей федерациясының президенті Путинге кезінде Мәскеуді аман алып қалған қазақ жауынгерлері екендігін есіне салғанын әлеуметтік желіден байқап қалған едім. Өздерінің әскеріне қолына қарумен бірге Александр Бектің “Волоколамск тас жолы” кітабын қоса ұстататынын айтып, жауынгерлерін батыр Бауыржан бабамыздың азаматтық болмысы мен соғыс тактикасы арқылы тәрбиелейтінін жеткізді.
Міне, біздің жат елдерге үлгі болған қайсар рухты батыр бабаларымыз қандай?! Біз де өз елімізде әскери мектептерді көбірек ашып, ұлтына жанымен берілетін, азаматтық болмысы қалыптасқан, темірдей тәртіпті ұстанатын азаматтарды тәрбиелеу ісін мықтап қолға алу қажет. Осы тұста кішкентай ғана бүлдіршіндердің бойында батырлық рухты оята білген аудандық білім бөлімі басшысының бастамасы құптауға тұрарлық екендігін алға тартқымыз келеді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.