Тарихты тану – өзіңді тану
Орыс тілі мен әдебиеті сабағында оқушылар аты аңызға айналған қолбасшы, қаһарман жауынгер Бауыржан Момышұлының «Артымызда Мәскеу» атты туындысымен танысты. Бұл шығарма жай ғана оқылып, талданған мәтін емес, ол – ерлік пен өр рухтың, отансүйгіштіктің мәнін терең ұғынуға жол ашқан рухани арқау болды. Сабақ барысында оқушылар даңқты тұлғаның қайсар болмысын, қайтпас батырлығын кеңінен талдап, жеңіс жолында жан аямай күрескен барша қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне тағзым етті.
Осы тағылымды әңгіменің жалғасы ретінде «Отбасылық архивтен» атты шығармашылық жоба жүзеге асырылды. Бұл жоба оқушыларға тарихты тек кітап беттерінен ғана емес, өз әулетінің шежіресі арқылы тануға мүмкіндік берді. Олар шынайы зерттеу жүргізіп, туған-туыстарымен сұхбат құрып, отбасылық мұрағаттарды ақтарып, сарғайған суреттер мен көне құжаттарды сөйлетті. Көптеген оқушылар ата-бабаларының ізі қалған туған ауылдарына барып, көнекөз қариялардан дерек жинап, соғысқа қатысқан арғы аталары туралы мәліметтерді үлкен ыждағаттылықпен топтастырды.
Жобаның ең әсерлі тұстарының бірі – заманауи технологияның көмегімен жүзеге асқан «кездесу» сәттері болды. Оқушылар жасанды интеллект арқылы өздері өмірде көрмеген арғы аталарымен қатар тұрғандай бейнелер жасап, оларды құшақтағандай әсер қалдырды. Бұл көріністер әрбір жанның жүрегін толқытпай қоймады.
Жоба қорытындысында оқушылар мазмұнды, шынайы әрі жүрек тербейтін шығармалар жазды. Бұл еңбектерден тек ізденіс пен талпыныс қана емес, тарихқа деген құрмет, ата-баба аманатына деген адалдық айқын сезілді.
Сол жұмыстардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 7 «А» сынып оқушысы Болатхан Ақжүректің зерттеуі. Ол өз әулетінің ардақты өкілі – Мақсұт ата туралы тебіреніспен баяндады:
«Мақсұт ата 1925 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина жерінде неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқасқан. Ол майдан даласында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, күрделі әскери тапсырмаларды абыроймен орындаған. Деректерге қарағанда, барлаушы ретінде жау шебінен маңызды мәліметтер жеткізіп отырған. Бір ұрыста жараланып, емделгеннен кейін қайта сапқа қосылып, Отан қорғау жолындағы күресін жалғастырған. Көрсеткен ерлігі үшін медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін туған жеріне оралып, бейбіт еңбекте ел игілігіне қызмет етті. Оның ғұмыр жолы – қайсарлықтың, табандылықтың және туған елге деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі».
Сондай-ақ өз зерттеу жұмысын 7 «А» сынып оқушысы Омарбек Аяулым ұсынды.
Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұрпағы болу – үлкен мәртебе әрі қасиетті жауапкершілік. Әрбір тағдыр – ерлік пен жанқиярлықтың, елге деген адалдықтың шынайы шежіресі.
«Мен, Аяулым Омарбек, батыр-ардагердің ұрпағымын. Менің арғы атам Омарбеков Абдамит небәрі 18 жасында Қызыл Армия қатарына алынып, майданға аттанған. Ол соғысқа өз әкесі Төлемісов Омарбекпен бірге барған. Атасының есімі ауылымыздағы Даңқ аллеясындағы мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Олар Сталинград шайқасы сияқты сұрапыл шайқастарға қатысқан. Сол қырғында арғы атамның әкесі хабар-ошарсыз кетіп, елге оралмаған.
1942 жылы арғы атам жау оғынан иығынан жараланып, госпитальға түскен. Денесіне кірген жарықшақты алу мүмкін болмағандықтан, сол қалпында қайта майданға оралып, күресін жалғастырған. Барлық қиындықтарға қарамастан, жеңіске жетіп, туған жеріне аман-есен оралды.
Соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесін көтеруге үлес қосып, колхозда еңбек етті. І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және өзге де медальдармен марапатталды. Бұл марапаттар бүгінде біздің отбасымыз үшін қасиетті мұра ретінде сақтаулы.
Ауылымызда арғы атамның есімімен аталатын көше бар. Бұл – оның ерлігі халық жадында мәңгі сақталатындығының дәлелі».
Келесі болып өз зерттеуін ұсынған 7 «А» сынып оқушысы Мәкен Жанерке майдангер аталары туралы тебірене баяндады:
«Асылбайұлы Желеуов – менің әкемнің арғы атасы. Ол Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанып, Отан қорғау жолында ерлік көрсетті. Сталинград шайқасы сияқты шешуші ұрыстарға қатысып, қайсарлық пен табандылық танытты. Бір ауыр сәтте жараланса да, рухы сынбай, күресін жалғастырды. Соғыстың барлық ауыртпалығын еңсере отырып, туған жеріне аман оралды. Соғыстан кейін де елге адал қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болды.
Еркебаев Қадыр – менің анамның арғы атасы. Ол кісі де майдан даласында ерлік көрсеткен. Соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, нацистік концлагерьдің азабын тартқан. Соған қарамастан, мойымай, өмір үшін күресін тоқтатпаған. Жараланып, аман қалып, кейін батылдық танытып, тұтқыннан қашып шығып, туған жеріне оралған. Бұл – қайсарлықтың нағыз үлгісі.
Мен Отан қорғаған аталарымды мақтан тұтамын. Олардың айбындылығы мен елге деген сүйіспеншілігі – бізге аманат. Бүгінгі бейбіт өмір мен ашық аспан – сол ерліктің жемісі. Батыр бабалардың жанқиярлығы мәңгі есте қалуға тиіс».
Осындай тағылымды жобалардың жас ұрпақ үшін мәні айрықша. Оқушылар тарихты құрғақ дерек ретінде емес, жүрекпен сезініп, ата-баба тағдыры арқылы терең түсінеді. Олар бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, ерлікке тағзым етуді, өткенге құрметпен қарауды үйренеді.
Ұстаз ретінде мен өз шәкірттеріме зор ризашылық пен мақтаныш сезімін білдіремін. Олар бұл тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, терең ізденіс жасап, ауыл-аймақтағы туған-туыстарына барып, құнды деректер жинап, әсерлі әрі мазмұнды еңбектер ұсынды. Бұл – халық жадындағы ерлік рухы өшпей, ұрпақтар сабақтастығының берік жалғасып келе жатқандығының бұлтартпас айғағы.
Лейла Байкулова,
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.