Жас сақшылар жүлделі оралды
«Ел үмітін ер ақтар, ел атағын ел сақтар» демекші, еліне адал қызмет етіп, қажет кезде жанын пида еткен азаматтар қашанда ел жадында сақталары анық. «Батыр елі үшін туады, елі үшін өледі» деген ұғымның шынайы көрінісі – бейбіт күнде де өз өмірін қатерге тігіп, ел қауіпсіздігін қорғаған ерлердің ерлігі. Сондай қайсар тұлғалардың бірі – Ғазиз Байтасов. Әр жыл сайын дәстүрлі түрде Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған Жас жол инспекторлары слеті ауданымызда өтіп, оған жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары белсене қатысады.
Соның жарқын дәлелі, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы орта мектебінде Ғазиз Байтасов атындағы Жас жол инспекторларының ХХІ республикалық слетінің аудандық кезеңі өтті. Аталған шараға Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев арнайы қатысып, жас буынның белсенділігі мен ізденісін жоғары бағалады.
– 2011 жылы бейбіт елдің тыныштығын бұзған қарулы қылмыскердің террорлық әрекетіне тосқауыл бола білген Ғазиз Байтасов қарсы лақтырылған гранатаны өз кеудесімен бөгеп, ерлікпен қаза тапты. Осындай көзсіз ерлік иесі болған азаматтың есімі – ұрпақ жадында мәңгі сақталуға тиіс. Бұл – бүгінгі буынға да, келер ұрпаққа да жүктелген қасиетті парыз. Сондықтан да бүгінгі аудандық слетке үлкен дайындықпен келген жас сақшыларымызға сәттілік тілеймін,-деді Жайдар Саттарқұлұлы.
Байқауға ауданымыздың 9 мектебі қатысып, өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, Әл-Фараби, Т.Әшімбаев, М.Әуезов, С.Шәкіров, Абай, Жамбыл, М.Мақатаев, М.Ғабдуллин атындағы мектептер және №40 мектеп-лицей оқушылары жоғары дайындықпен қатысып, өз білімдері мен ұйымшылдықтарын көрсетті. Қатысушылар жол қозғалысы ережелерін жетік меңгергенін, шапшаңдық пен жауапкершілікті үйлестіре алатынын дәлелдеді.
Жалпы Жас жол инспекторлары слетіне 11–14 жас аралығындағы оқушылар қатысады. Команда құрамы 7 адамнан тұрады: жасақ командирі, реттеуші, 4 велосипедші (оның ішінде ұл мен қыздар) және эрудит. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, жол жүрісі қағидалары бойынша білім сайысы, үгіт-насихат бригадаларының жарысы, велосипедті мәнерлеп жүргізу, «автоқалада» велосипед жүргізу, жас реттеуші сайысы, эрудиттер турнирі, жас санитар (алғашқы медициналық көмек көрсету).
Әрбір кезең оқушылардың білімін, тәртібін, шапшаңдығын және жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мұндай шаралар жас ұрпақтың тек ережені жаттап қана қоймай, оны өмірде қолдана білуіне жол ашады. Сайыс қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы мектеп командасы жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал, Т.Әшімбаев мектебі ІІ орынды, М.Әуезов пен С.Шәкіров мектептері ІІІ орынды иеленді. Айта кету керек, Әл-Фараби мектебінің жас инспекторлары облыстық кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленіп, аудан мерейін асқақтатты.
Жас қозғалыс инспекторларының бабын келістіруде, жан-жақты дайындалуына жұмсалған күш, бөлінген уақыт зая кеткен жоқ. Жеңіспен оралған жас қозғалыс инспекторларын құттықтаймыз! Алдағы уақытта да түрлі жарыс-байқауларда ауданымыздың бағы жанып, жүлделі оралып, жеңісті күндер молынан бола берсін!
Бүгінгі жас инспекторлар – ертеңгі ел қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан Ғазиз Байтасовтың ерлігін үлгі етіп, оның есімін ұлықтайтын мұндай игі бастамалар жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.
Айғаным Асқарбек.