Ақпараттық портал

Сарбаздың сыры саптан білінеді

Қарулы Күштер қабілетті жастардан бастау алатыны белгілі. Патриоттық тәрбие мен бастапқы әскери дағдылар келешекте Отан алдындағы азаматтық борышты өтеуде өз септігін тигізеді. Ал, саптық жүріс пен сапта жүріп ән айту – біз меңзеп отырған дүниелердің алғышарты іспетті.
Шу ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне орай, Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы мен №40 мектеп-лицейінің бірлесіп ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында сапта жүруден жарыс өткізілді.
Мекеме директоры Мақсат Шәймерденнің айтуынша, аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери тәртіп пен ұйымшылдықтың әліппесін үйрету, сондай-ақ өмірін елге арнаған батырлардың ерлігін дәріптеу.
– Байқау барысында қатысушылар саптық дайындықтарын көрсетіп, біркелкі қимыл, тәртіп және командалық үйлесімділік бойынша өзара бақ сынасты. Жеңісті көздеп келген әр команда өздерінің дайындығы мен жауапкершілігін жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Мұндай іс-шаралар жас буынның рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, Отан қорғаушылар мен Жеңіс батырларының ерлігін ұмытпауға үндейді, – дейді аталмыш білім ошағының директоры Медет Байшымыров.
Жарыстың қорытындысы бойынша тиісті ұпай жинаған командалар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен, дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.